Қызметкерді іссапарға жіберу
Жұмыс беруші іссапар құжаттарын дайындап, жұмыскердің жолға, қонақ үйге және тамақтануға кететін шығындарын төлеуге тиіс
Мақаланың мазмұны
Жұмыскерді іссапарға жіберер алдында оған қандай құжаттар керек екенін, іссапар шығындары қалай төленетінін және қызметкер сапардан қайтіп келгенде нені ұсынуы керек екенін білу қажет.
Іссапардың мәні
Іссапар — бұл жұмыс берушінің қызметкерді жұмыс бабымен белгілі мерзімге басқа елді-мекенге жіберуі. Бірақ, жолға жиі шығатын мамандықтар, мысалы, жүргізушілер мен жолсеріктердің жұмыстары іссапарға жатпайды.
Жұмыскерге іссапар күндері үшін еңбекақы төленеді және одан зейнетақы жарналары ұсталады, демалыс күндері де әдеттегідей есептеледі. Сондықтан да, сапарға тек қана штаттағы қызметкерді жұмыс бойынша, оқуға, біліктілікті арттыруға немесе қайта даярлау курстарына жіберуге болады.
Іссапар алдында дайындалатын құжаттар
Іссапар туралы бұйрық. Оған қызметкердің толық аты-жөні мен лауазымы, іссапардың мерзімі мен мақсаты жазылуға тиіс. Қызметкер бұйрыққа сапарға кетпей тұрып қол қоюы керек.
Қызметкердің жазбаша келісімі. Кейбір қызметкерлер заңды түрде сапарға шығудан бас тартуға құқылы, сол себептен, олардан алдын-ала қол қойылған келісім алу керек. Мұндай қызметкерлерге жататындар:
- кәмелетке толмағандар,
- аяғы ауыр әйелдер,
- мүгедек жұмыскерлер,
- үш жасқа толмаған балалардың ата-аналары,
- сырқат отбасы мүшелеріне күтім көрсететіндер,
- мүгедек балалардың ата-аналары.
Жұмыс уақытын есепке алу табелі. Табелде іссапар күндері жолға кеткен уақытпен қоса «І» әрпімен белгіленеді.
Іссапар мерзімі
Іссапар мерзімі заңмен шектелмеген, бірақ бұйрықта жазылуға тиіс. Оны жұмыс берушінің өзі іссапар мақсатына қарай белгілейді. Іссапар қызметкердің жолға шыққан күні басталып, жолдан қайтып келген күні аяқталады. Жолға кеткен уақыт та іссапарға кіретіндіктен, оған да тәулік ақысы төленуге тиіс.
Жұмыс беруші төлейтін шығындар
Жұмыс беруші іссапардың барлық шығындарын өзі төлейді. Сапарға бөлінетін ақшаны билеттердің бағаларына және баратын жердегі қонақ үй мен тамақтану бағаларына қарап есептеуге болады.
Тәуліктік ақы. Бұл демалыс күндері мен жолға кеткен уақытты қоса іссапар бойы тамақтануға, қала ішінде көлікпен жүруге, банкоматтардан ақша шешкен үшін алынған комиссияларға және басқа да шығындарға берілетін ақша. Тәуліктік ақының қызметкер еңбекақысына еш қатысы жоқ, оны бөлек төлеу керек.
Жол ақысы. Сапарға барып-қайту үшін ұшақ, пойыз немесе автобус құнын төлеуге бөлінетін ақша.
Қонақ үй ақысы. Бөлме, пәтер немесе үй жалдауға кететін ақша.
Іссапарға байланысты басқа да шығындар. Шетел визасына, паспортқа, медициналық сақтандыру полисіне жұмсалған ақша қызметкерге тек жұмыс берушімен келіскен жағдайда ғана қайтарылады.
Тәуліктік ақы жұмыскерге алдын-ала төленеді, ал жол және қонақ үй ақысын жұмыс беруші не өзі төлейді, не жұмыскерге жібереді.
Іссапарға жұмсалған қаражат қызметкердің шығындарын өтеуге бөлінген ақша болғандықтан, одан салық төленбейді. Бұл шығындарды ЖТС немесе КТС декларациясында «Шегерімдер» бөлімінде жазу керек. Салық шегерімін жасау үшін жұмыс берушіде қонақ үй мен жол ақысы төлемдерін растайтын құжаттар болуы керек. Оңайлатылған режимдегі жеке кәсіпкерліктеге шегеру мүмкіндігі қарастырылмаған.
Тәуліктік ақыны растаудың қажеті жоқ, әрі оның мөлшері мен мерзімі шектелмеген. Бірақ, егер тәуліктік ақы заңда бекітілген мөлшерлер мен мерзімдерден асып кетсе, онда ол қызметкердің табысы ретінде саналады да, одан салықтар мен төлемдер ұсталатын болады. Ел ішіндегі іссапарлар үшін — 40 күнтізбелік күнде тәулігіне 6 АЕК, яғни 22 152 теңге, ал шетел іссапарлары үшін 40 күнтізбелік күнде тәулігіне 8 АЕК, 29 536 теңге төлеген жөн.
Іссапардан қайтып келген жұмыскердің тапсыратын құжаттары
Іссапардан оралған қызметкер жұмыс берушінің сұрауы бойынша іссапардағы жұмыстың нәтижесі туралы есеп береді.
Жұмыскер бухгелтерияға жол ақысы мен қонақ үй ақысы жөнінде алғытөлем есебін тапсыруға тиіс. Ол есепке шығындарды растайтын құжаттарды қоса беру керек. Оларға электронды билеттер, отырғызу талондары, қонақ үй шот-фактурасы немесе пәтер жалдау туралы келісімшарт, барлық төлемдердің фискалды чектері жатады.
Тәуліктік ақы үшін есепті тек жоғарыда аталып кеткен мөлшерден асып кеткен жағдайда ғана беру керек.
Егер жұмыскер бөлінген ақшаны толық жұмсамаса, онда қалдығын компанияға қайтаруға тиіс. Ал егер ақша жетпей қалып, жұмыскер кейбір шығындарды өзі төлеген болса, онда айырмасын жұмыс беруші сол шығындарды растайтын құжаттар негізінде қайтарады.
Егер жұмысшы қалып қойған ақшаны уақытында қайтармаса немесе шығындарды растайтын құжаттарды ұсынбаса, онда ол шығындарды еңбекақыдан төленетін салықтарға жіберуге, болмаса жалақыдан ұстап қалуға келісуге болады.
Дұрыс ресімделген іссапар жұмыс берушіге қаржы жағынан да, қызметкердің қауіпсіздігі жағынан да тиімді. Қаржы тұрғысынан — салық төлемдерінен іссапар шығындарын шегеріп, компания қаражатын үнемдеуге болады. Ал қауіпсіздік тұрғысынан — қызметкер іссапарға жұмыс бабымен жіберілетін болғандықтан, сапар барысында жазатайым оқиғаға ұшырап қалса, сақтандыру компаниясы денсаулыққа келтірілген зақым шығындарын төлейтін болады.