Бизнес-кейстер

Кәсіп ашып, 27 млн теңге қарызға баттым

Қажымас қайрат пен қаржы сауаттығы туралы оқиға

Кәсіп ашып, 27 млн теңге қарызға баттым

Мақаланың мазмұны

Бизнес ашып, ақша тауып, байығысы келетін кәсіпкерлер көп. Бірақ кіріс-шығысын санамай, айналым қаражатын дұрыс жоспарлай алмай жүргендер де жетіп жатыр. Қарыз бен кредиттің құлына айналмау үшін не істеу керегі туралы Token & Co компаниясының иесі Қуандық Төкен айтып берді.

Қарыз оқиғасының басы

Тұңғыш бизнесімді ашқанда мен өз атыма 500 мың теңге кредит алдым. Ол пакеттерге қатысты алғашқы жобам еді. Өкінішке қарай, ол іс болмай қалды: бүкіл алған затымыз жарамсыз болып шықты. Одан кейін достармен тағы бес жоба бастадық, бәріміз тағы кредит алдық, ақша салдық, бірақ бәрімізде де түк шықпады. Сөйтіп, қарыз жинала берді ғой. Ақыры біз бөлініп кеттік те, қарыздарымыз қалып қойды.

Сол жылдары біз тек қана мотивация арқасында жұмыс істедік. Мотивация туралы кітап та оқыдық, бейнероликтер де қарадық, семинарларға да қатыстық. Нарықты ешкім зерттеген жоқ, ақша санамағанбыз, қаржы сауаттығы да болмады.

Ал қарызға қалай кіріп кеттік? Мен ол кезде студент алып үйрететінмін: «Бизнес істегің келе ме, үйренгің келе ме? Бізде бір-екі жоба бар», — деп. Сол студенттердің бесеуі қазір біздің Алматыдағы командада істейді. Ал ол кезде студенттердің біреуінде бірдеңе дұрыс шықпады, екіншісі тағы бірдеңеден қателесті. Оларға не айтасың, тегін жүрген балалар, ақша жоқ қой.

Одан басқа, біз тауарлардың өзіндік құнын дұрыс санамағанбыз, «минусқа» кіріп жұмыс істегенбіз. Компания айналымы жақсы жүргендіктен, барлығына ақша сала бердік. Ал ақша айналымы мен тапқан пайданың айырмашылығы зор. Біз табысқа шықтық деп ойладық.

Қарызға батқанымызды ақша бітіп қалғанда бірақ көрдік. Оны бір жылдан кейін анықтадық. Ақшаны пайызбен алғанбыз: 500 мың теңге алсаң, 1 млн теңге қайтарасың, 5 млн алсаң, 10 млн қайтарасың. Сөйтіп, көп адамға қарыз едік. Барлық достар мен туысқандардан қарыз алдық.

Жағдай түзеле бастады

Ақша болмады, таппай жаттым. Оған қоса, жаңа үйленген едім. Бірақ ол қарыз аса үлкен болған жоқ, ата-анамыз да көп қолдады. Мұндай жағдайда жалғыз адам қолдаса да, жетеді ғой. Сол себепті, ақша табуға қатты тырыстым. Намыс та бар ғой. 

Содан кейін карантин басталды. Бірақ ол кезде кредиттерге үш ай мораторий қойып, жеңілірек болды. Біз де жатқан жоқпыз, бар күшімізді салып, жұмыс істедік. Мен Таразда қалып, пакеттерге көңіл бөлдім, ал дос балаларым Алматыға кетіп қалды. Сол кезде менде де, оларда да жағдай түзеліп, сондағы жиналған 2 млн теңге қарызды жауып тастадық. 

Сөйтіп, мен негізгі жұмысымнан шығып кеттім де, тек бизнеспен ғана айналыса бастадым. Жағдай бірте-бірте жақсара бастады, мен де адамдармен араласып, бірігіп жұмыс істей бастадым. Ұқсас бизнесі бар адамдармен серіктес ретінде істеп көрдім. Менде жоқ нәрселер оларда болды, оларда жоқтың барлығы менде болды. Сөйтіп, ұқсас ассортиментті біріктірдік: олар менің затымды сатты, мен олардың заттарын саттым. 

«Минусқа» қайта баттық

Кішкентай қарыздардан құтылған кезде ірі жобалар басталды. Франшиза аштық, ол да бірден атып кетті. Сәті түсе қалды. Бірақ табысымыз да іріленіп, ондай ақшаны көтере алмадық. Қаржы сауаттығы болған жоқ қой, өзіміз де бір эйфория ұстап, бір жыл бойы бос отырып, жұмыс істеген жоқпыз. Жұмысты да қарап, бақылаған жоқпыз, жобалар өздерімен өздері жұмыс істеп, минусқа кете берген. Жалақыға, бөлме жалдауға ақша кете берді, сөйтіп, ол да біте бастады.

Қайтадан қарыз алдық. Тағы жұмыс алып, ақша табамыз да, жаба саламыз деп, жаңа жұмыс ала бердік. Жүріп тұрған жобаларды дамытпай, сататын жобалармен айналыса бастадық, тіпті Қырғызстанға кіріп кеттік — оған да қаншама ақша кетті. Франшиза жобамыздың біреуі де атқан жоқ. Ақша шашылып-шашылып, минусқа баттық.

Тауарларды «под реализацию» ала бергенбіз, бірақ одан келген ақшаны жарата бердік те, тағы қарыз болдық. Жалдау ақысын соза бергенбіз — оған қарыз болдық. Айлықты соза бергенбіз — оған да қарызбыз. Ай сайын он бес төлемі бар кредиттер де болды, үстіне оның пайызы да бар ғой. Ақыры, мен 27 млн теңге қарызға кіріп кеттім.

Ақшамызды жеп кетті

Негізі, біз төрт доспыз, төртеуіміз бірге бастап, жұмыс істеп келе жатырмыз. Бірде төртеуіміздің екеуін бір сенімді адам алдап кетті. Мен алдында студент оқыттым деп едім ғой, сол студенттердің бірі еді, бізбен бес жыл істеді. Алматыдағы екі досымда жиһаз сататын және бампер жасайтын бір-екі компания болды, мен де оған ақша салып, алдымен бас директор болдым, кейін өз жобаларыма ауысып кеттім. Ал жаңағы студент бала сонда бес жыл жұмыс істеген, достарым оған қатты сенді.

Бір күні Тараздағы бір досым Алматыға барып, онымен кездесті. Әңгіме барысында жаңағы студентім досыма: «Қолымда 5 млн теңге бар, үстінен тағы 5 млн жинап, көлік алғым келеді», — депті. Ал сол уақытта оның бизнесі кризиста болған еді, компанияда ақша жоқ, ал директор көлік алмақ, ол қалай болғаны? Ақыры, достарым онымен сөйлесіп, оның ақша ұрлағанын мойындатты. «Иә, ұрладым», — деді, — «Жалғыз мен ғана емес, менеджерлер де ұрлады». Ал ол дегеніңіз елу шақты адам, әрқайсысы 50 мыңнан ұрласа, не деген шығын десеңізші. Тауардың барлығы «под реализацию» алынған, ал ол деген қарыз ғой. Тауар сатылғанда, бір тапсырыс менеджердің қалтасына, бір тапсырыс компанияға түсіп отырды. Ал құжаттарды достарым тексермеген. Бас директор барлығын білген, бірақ өзі де ұрлаған соң, үндемей жүрген. 

Ақыры, Алматыдағы әжептәуір табыс әкеліп жатқан екі компания жабылып қалды. Қазір ешкімнің ақшасы жоқ, балалар жан-жақта жүр. Бұл жағдай барлығымызға өте ауыр тиді. Маған да тиді, себебі, біріншіден, сол директор менің студентім болған, екіншіден, достарымның бизнесі құлдырап кетті, үшіншіден, табыстан айрылдық. Сол себепті, ақшаны біреуге тапсырғанда, бәрібір бақылап, тексеріп отыру керек.

Қарыздың да сұрауы бар

Бірде біздің қоймадан да тауар жоғалды. Ол кезде бізде бес-ақ адам істейтін, бесеуі де бөтен емес, жақын адамдар. Олар қоймадан тауар ұрлаған, қайсысынан көретініңді білмейсің. Ол қалай болды сонда? Алдыңызда 10 млн теңге жатыр деп елестетіңізші. Ал сізге ертең, мысалы, 100 мың теңге кредит төлеу керек дейік, немесе жақын біреу ауырып қалды, не тағы да басқа қиындық туып, ақша қатты керек болып қалды дейік. Кассадан 100 мың теңге алып шықсаңыз, ешкім де байқамас, себебі компанияда бақылау жоқ. Сіз ол ақшаны кейін қайтарамын деп, бір рет аласыз. Бірақ ақша жоғалғанын ешкім байқамаса, мүмкін қайтармауға да болатын шығар? Ақшалары көп қой, күнде тауып жатыр дейсіз де, ақырындап жей бересіз. Ол қарыз сіздің атыңызға жазыла береді ғой, біреудің ақысын жегеніңіз үшін арғы өмірде жауап беретін боласыз.

Барлық қарыздарды бұл өмірде жауып тастау керек. Бізде Таразда «Қайырлы кеш» деген ойын бар, оған барлық бизнесмендер жиналып, имам шақырады да, оған түрлі сұрақ қояды. Мен де: «Мен қазір қайтыс болсам, ал артымнан қарыз қалса, не болады?» — деп сұрадым. «Қарыздарыңды өтемегенше, жұмаққа бармайсың», — деп жауап берді ол. — «Сен арғы өмірде түк те шеше алмайсың, сол себепті осы өмірде қалған ағайын-туысқандарың қарызыңды жауып беруі керек». Қаншалықты мінсіз адам болсаңыз да, артыңыздан қарыз қалса, о дүниеде жағдай қиындау болады.

Басы қатты, аяғы тәтті

Қарыз көп болды. Соттан қағаз келді, өз шотым да, фирманың шоты да — бәрі бұғатталды. Үш-төрт ай мен қағаз ақша ұстап жүрдім, мамамның, әйелімнің, жұмыскерлердің карталарын пайдаландым. Одан басқа, қайта-қайта телефон соға береді ғой, мен тіпті нөмірімді өшіріп тастайтынмын. Ақыры, ақшадан емес, жұмыстан емес, ойымнан қателескенімді түсіндім.

Сөйтіп, «САМО» халықаралық адам дамыту орталығына жазылып, кітап оқи бастадым, білім ала бастадым. Ақша санауды, бюджет жоспарлауды үйрендім. Сонда сана да өзгерді, жағдай да жақсара бастады, тіпті кредиттерді мерзімінен бұрын жаба бастадым. Қалай болғанын бір-екі сөзбен түсіндіре алмаймын, ол кезде қарыз деген көп болды ғой. Үй де, көлік те ала алмайсың, осылай құл болып, өмір бақи жауып жүремін бе, деп ойладым.

Қарыз деген бір сынақ қой. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Мысалы, жарнамаға ақша болмағанда, блогерлермен коллаборация жасадым, бартер жасап жұмыс істедік. Оның арқасында сауда да жақсы жүре бастады. Бірақ өзім де көп еңбектендім, дұрыс ұйықтамай жүрдім, бес адамның жұмысын бір өзім істедім. Солай-солай, барлығы қалпына келді.

Қазіргі жағдай

Қазір біз пакеттің түр-түрін жасаймыз: ол логотип басылған пакеттер, крафт қағаздан , картоннан, полиэтиленнен жасалған пакеттер, зип-пакеттер, «майка» пакеттер, т.б. Тағы бір бизнесім — типография, сыртқы жарнама. Оған қоса, Қытайдан типографияларға және пакет жасау өндірістеріне арналған құрал-жабдық, химия, бояу алып келеміз, оны бәсекелестерге сатамыз.

Таразда кішігірім өндіріс, Шымкентте орташа, ал Алматыда ірі цех орналасқан — барлығын сонда жасап, жіберіп отырамыз. Көбінесе ірі тапсырыстарды камаздарға салып жібереміз, бірақ кейде клиенттер өздері пойыз, пошта, InDriver, көлік компаниялары немесе жеткізу қызметтері арқылы жібер деп айтады. Бізде жеткізілімдерді реттейтін бөлімше бар, оны бөлек адам бақылайды.

Қазақстан аумағында типография, жарнама, пакет жасау бойынша франшиза да сатамыз. Таразда екі франчайзи, Алматыда үшеу, Шымкентте екеу орналасқан, Қызылорда, Көкшетау, Ақтөбе, Күлсары, Ақтау, Талдықорған, Өскемен қалаларында да бар. Алматыда дүкен ашсақ па деп отырмыз, кеңсе және склад ашатын ниетіміз бар.

Менің қателерімді қайталамаңыздар

Ең алдымен, керектің бәрін тізім етіп жазып, Алладан сұраңыз. Содан кейін соған қатысты әрекет ете бастаңыз. Кітап оқыңыз, ұқсас кәсіппен айналысатын адамдардан көмек сұраңыз. Ауыр жағдайды бастан кешкен кез келген бизнесмен көмектесе алады. Ақыл айтыңызшы деп сұраудан қорықпаңыз.

Не болса да, қарыз алып бастамаңыз, себебі бірдеңе жүрмей қалуы мүмкін. Кейбір таныс балалар бизнестерін жауып, басқа жұмыста айлық алып жүр де, олардың баяғы қарыздары 5–10 жылға созылып жатыр, мысалы. Сондықтан да, өзіңіз жинаған ақшадан бастаған дұрыс. Ақшасыз да тірлік етуге болады, ол үшін бірігіп істейтін біреуді табу керек. Тегін жер болса, бөлме болса, гараж болса — орын жалдағанша, соны пайдаланыңыз. 

Маркетинг негіздерін үйреніңіз. Бизнесте ең бастысы — бірдеңе сату ғой. Ол туралы тегін білім көздері көп: кітаптар, семинарлар, YouTube-тегі бейнесабақтар, т.б. Оқимын деген адамдарға бәрі табылады. Мен өзім елуге жуық курстан өтіп жатырмын.

Бизнесіңіздің қыр-сырын білуіңіз қажет. Бухгалтерия, сауда-саттық, тауар сатып алу, логистика, тіпті өніміңіз қалай жасалатынын — барлығын да білу керек. Бір жұмыскер кетіп қалса, оның орнына тұра қалып, жұмысты алып кететін жағдай болуы керек. Мысалы, мен әр жобамның кірпішін өзім қаладым, әр шегесін өзім қақтым, таң атпай тұрып, бірнеше маманның міндеттерін өзім атқардым. 

Ақша санауды үйреніңіз. Тапқан табысты ойланбастан жарата бермеңіз. Мысалы, бірдеңені жиырма мың теңгеге сатып алып, отызға сатсаңыз, он мың теңге табасыз дейік. Оның екі мыңы жарнамаға, үш мыңы жұмыскердің жалақысына, ал тағы үш мыңы жалдау ақысына кетті десек, таза табысыңыз екі-ақ мың теңге болады. Он мың теңге таптым деп, қуанып, түгелінен жұмсап жіберуге болмайды. Біз оны басында білмедік. Мысалы, бизнеске 3 млн теңге салып, одан 500 мың теңге ғана қайтып алып отырдық. Солай қанша жобаны банкрот қылдық. Көптеген кәсіпкерлер үйлерін, көліктерін сатып, бизнес жасап, қораға кіріп жатқаны сол. 

Ауыр жұмыстан қорықпаңыз. Жағдай қаншалықты қиын болса да, барлығы Алладан қайтады. Тапқанның барлығын жан-жаққа шашқанның орнына, отбасыңызға, ата-анаңызға, достарыңызға жұмсаңыз. Ең бастысы — жан-дүниеңіз тыныш болса, үйіңізде береке болса болды ғой.