Өзіміз тамақ дайындамау үшін жартылай фабрикат өндірісін аштық
Осылайша мыңдаған әйелдердің өмірін жеңілдеттік
Мақаланың мазмұны
Шымкенттік Бақыт Дербисбекова мен Кристина Ершова жартылай фабрикаттар шығаратын TezTez компаниясының негізін қалады. Бұл жетістіктің артында терең, өмірлік оқиға жатыр — кәсіпкер қыздар өздерін тамақ дайындаудың күнделікті міндеттерінен босатқысы келіп, ақырында мыңдаған әйелдерге ас үйде шаршамай, бірақ тамақ сапасын жоғалтпай, өздеріне, отбасыларына және маңызды істерге көбірек уақыт бөле алатындарын түсінуге көмектесті.
Әл-ауқатымыз нашар болды, өзімізге көмектескіміз келді
Б: Біз 2017 жылдың күзінде психология бойынша тренингте таныстық. Бұл біз үшін қиын кезең болатын — өміріміздегі болған жағдайлармен күресуге тырыстық, тамақ дайындауға күш болмады, балаларға деген жауапкершілік мойнымызға батып, «жақсы» ана бола алмайтымызға кінә сезіндік. Балаларға күтім жасай алатын, басқа істерге уақыт пен қолды босататын көмекші өте қажет болды. Екеумізге де компания құру — өзімізге көмек көрсеткенмен бірдей болды. Кристинамен сөйлесіп, бірге жұмыс істей алатынымызды түсіндік.
К: Бірнеше кездесулерден кейін қол алысып, жартылай фабрикат өндірісін ашу туралы шешім қабылдадық. Бастапқыда бізде 400 мың теңгеге жуық ақша, екі мұздатқыш (бірнеше айға алынған бір тік мұздатқыш және бір лар), жалға алынған бұрынғы кафе ғимараты болды, жалдау ақысы бір жылға тегін еді, бұл бізге қатты көмектесті. Ішкі түйсігімізге сеніп, ісімізді бастадық. Алғашқы азық-түлік сатып алу құны 15 мың теңгеге шықты. Бізде ешқандай бизнес-жоспар, жабдықтар, қызметкерлер, арнайы бұл саладағы білім болған жоқ, бірақ бір нәрсе нақты болды — бұл адал және сапалы жұмыс істейтініміз деген түсінік.
Біздің ережелеріміз — компанияның ДНҚ-сы
К: Басында бірінші жасаған қадамымыз — біз отырдық та, компанияның ережелерін жаздық. Басынан бастап біз екеуміз әртүрлі екенімізді түсіндік, бізді біріктіретін және даулы мәселелер туындаған кезде жағдайды шешуге негіз болатын қағидалар керек екенін білдік. Осылайша ережелеріміз пайда болып, олар TezTez компаниясының ДНҚ-сына айналды. Олар әлі де қиын кездерде шешімдер қабылдау үшін бізге жол көрсетеді. Біздің іс-әрекеттеріміздің стратегиясы соларға негізделген.
Б: Иә, бізге қаншалықты қиын болса да, адамдарды алдамаймыз және сапаны нашарлатпаймыз деп бірден шештік. Мысалы, біз қолданған жоғары сапалы ұнның бағасы айтарлықтай өскен сәт болды. Ойланып қалдық — арзан баламаны сатып алайық па әлде құнына қарамастан сол ұнды сатып аламыз ба. Бірақ біз екінші нұсқаны таңдадық, өйткені бұл біздің ережелерімізде жазылып қойылған — сапа бәрінен де маңызды. Тағы бір жағдай болды. Бізге сатып алушыларға емес, тапсырыс бойынша орыс мейрамханасына сиыр еті мен шошқа етінен тұшпара жасау ұсынылды, бірақ біз одан бас тарттық, өйткені біздің өндірісте халал емес өнімдермен жұмыс істеуге болмайды. Өзімізге және сатып алушыларымызға адал болып қалу маңызды. Біз адамдарды алдамаймыз және адал жұмыс істейміз.
Бірде-бір тұшпара жасамадық
Б: Басынан бастап бізге жақсы адамдар келді, олардың көбі әлі күнге дейін жұмыс істейді. Алдымен біз тұшпара жасайтын қызды және бөлме тазалаушыны таптық. Өзіміз бұл міндеттерді өз мойнымызға алғымыз келмеді — біз сатушы ретінде болып қуана жұмыс істедік, сауда жасадық, жеткізуді ұйымдастырдық, жабдықтар тасыдық, бірақ осы жылдар ішінде бірде-бір тұшпара жасамадық.
Бір күні қызметкерлердің бірі жұмысқа шықпады. Біз әлі ештеңе сатпадық, бірақ жұмыс барысы басталып кеткен, сондықтан OLX-ке жарнама бердік, сол күні бізге алты қызметкер бірден келді. 24 сағаттың ішінде бізде ұжым пайда болды.
К: Қазір компаниямызда шамамен 15 қызметкер бар және олардың әрқайсысы өзінің бағалы екенін біледі. Біз бастапқыда ашық қарым-қатынас мәдениетін құрдық. Директорлар кеңесі деп аталып кеткен тұшпара жасаушылар жиналыстарында қыздар өз ұсыныстарын айтады, ал біз өзімізге бәрін түртіп, идеялар жинаймыз. Бұл шынымен де жұмыс істейді. Тіпті жаңадан келген біреу, жұмысты өздігінше жасағысы келсе де, ұжым оған рұқсат бермейді. Бізде ұрлық жасайтын, адал жұмыс істей алмайтын немесе шала жасайтын адамдар көп жүрмейді. Біз өзіміз жұмысқа жауапкершілікпен қараймыз және бізге де сондай адал және лайықты қыздар келді.
Құжаттар
Б: Біз шағын бизнесті тексеруге мораторий болған жылы бастадық. СЭҚ-тан рұқсат алдық — бұл қоғамдық тамақтандырумен жұмыс істеу кезінде басты қадам, бұдан кейін бізді ешкім мазаламады. Қызметке лицензия қажет емес. Біз барлық өнімдерге сертификаттар, сондай-ақ «Халал» сертификатын уақытында алдық және уақтылы жаңартып тұрамыз. Сертификаттары бар жеткізушілерді таңдаймыз. Бізде шикізаттың 95%-ы ресми түрде құжаттар бойынша өтеді, біз бұған жауапкершілікпен қараймыз.
Барлық қызметкерлер ресми түрде жұмыс істейді және олардың санитарлық кітапшалары бар. Оны жарты жылда бір рет компания есебінен жаңартып отырады.
Біз салық, коммуналдық қызметтер төлейміз — бәрі басқа бизнестермен бірдей. Біз өз жауапкершілігімізді түсінеміз. Ешқашан өнімнің мерзімін үзбейміз, адамдарды алдамаймыз. Сатып алушылардан ештеңе жасырмаймыз және олардың бізге адалдығының бір дәлелі — осы жылдар ішінде олар біздің брендтің адвокаттарына айналды. Егер теріс пікір келіп түссе, біз жылдам әрекет жасаймыз — өнімнің шығарған күнін есептеп, табамыз да, өзіміз тексеріп, айтылған сөз шындыққа сәйкес келетіндігін анықтаймыз. Бізде технологиялық карталар, бекітілген сандар бар. Біз қателерімізді мойындауға және солар арқылы өсуге дайынбыз. Осының арқасында компания да өсті. Ассортименттің өсуі — бұл біздің сатып алушылардың сұраныстарына уақтылы жауап беруіміздің нәтижесі.
Ассортимент
Б: Қазір біздің ассортиментте 60-тан астам өнім бар. Біз бизнесімізді балаларға арналған түрлі-түсті тұшпаралардан бастадық, ол біздің бірегей сату ұсынысымызға айналды. Табиғи өнімдерден жасауды тырыстық — біз әлі күнге дейін бояғыштарды қоспаймыз, тұшпараның түсін шығару үшін қамырға көкөніс шырынын қосамыз. Сөйтіп басқа тағамдар пайда болды — манты, самса, қайнақша, бәліштердің көптеген түрлері, қырыққабат орамдары, хачапури, тоқаштар, рогалик. Біз өсе келе, бірте-бірте жаңа өнімдер де қосылды, біз өзгеріп, бизнеспен бірге дамыдық.
К: Жаңа тағамдардың жарыққа шығуы келесідей өтеді: қыздар рецепт әкеледі, уақыт болған кезде біз оны жасап көреміз. Содан кейін фокус-топты жинап, пікірлерін жинаймыз, керек жерін жақсартамыз. Бізде төрт ай бойы жасаған тағамдар бар. Біз барлық жағынан мінсіз нәтижеге жетуге тырысамыз. Егер біз тағамның жоғары сапасын сақтай алмасақ, онда бұл өнімнен бас тартамыз, грузин долмасымен солай болған. Адамдарға долмадағы жүзім жапырақтарының қаттылығы жақпады, ал біз оған ешқалай әсер ете алмаймыз, сондықтан одан бас тарттық. Басқа жағдайды алайық, адамдар бізден круассандар сұраған, бірақ оны пісіру — бұл жеке жабдықты қажет ететін күрделі технологиялық жұмыс. Бірақ сатып алушыларымыздың көңілін қалдырмау үшін «Таң Шолпан» қаттама тоқаштарын енгіздік, олар өте дәмді және круассандарға ұқсайды. Өзіңіз көргендей, біз адамдарды алдамаймыз және сапаны жоғары деңгейде ұстаймыз.
Алғашқы сатылымдар және пандемия
Б: Алғашқы дүкеніміз біз ашылған жылы пайда болды. Бөлме бір жағынан өндірісті орналастыруға, екінші жағынан бөлек кіреберіспен дүкенді жабдықтауға мүмкіндік берді. Жеткізуді ұйымдастырдық. Мұздатқыш витринасын сатып алу үшін тұтынушылық несие алдық. Бір жылдан кейін екінші дүкен аштық, басқа жерлерде де сауда жүргізуді бастадық, адамдар бізді танып, іздеп, сатып ала бастады. Біз екі жыл жақсы жұмыс істеп жүрдік, содан кейін пандемия басталды.
К: 2020 жыл компаниямыздың өсу жылы болды. Адамдар үйде қамалып қалды, ал біз қызметіміз маңызды өнімдерге қатысты болғандықтан жұмыс істеуге рұқсат алып, іске кірістік. Сол кезде адамдар біздің маңыздылығымызды түсінді. Жеткізу күнделікті жүзеге асырылды. Ол кезде әйелдердің мойнына үлкен жауапкершілік түсті: отбасын асырау, жұмыс істеу, балаларға онлайн білім беруді ұйымдастыру, тамақ пісіру, және осының бәрі жабық жерде, қамауда. Бұл оңай емес. Біз оларға көмек қолын создық.
Компанияның миссиясы — әйелдерге қамқор болу
К: Біздің компания әйелге шаршамауға мүмкіндік береді. Мысалы, манты жасау үшін қанша уақыт қажет? Қамырды жайып, етін дайындап, барлығын жасау бірталай уақыт алады. Бір жолы келіншек қыз: «Енем келгенде пісіретін тағамым — асқабақ қосылған манты. Бірақ осы үш жыл ішінде мен ешқашан қамыр илеген емеспін». Иә, бұл сатып алушымыз біздің өнімдерді сатып алып, пісіреді. Қажет болса, біз тіпті қаптаманы алып тастаймыз, бәрін кәдімгі пакетке салып, мекенжайға жібереміз. Кейде қыздар курьерден тапсырысты алу үшін төмендегі қабатта тұруды сұрайды. Біз әрқашан әйелдерге көмектесуге тырысамыз. Әйел ас үйге бар күшін беріп, рахаттанбай, еш шабытсыз тамақ дайындағанын қаламаймыз.
TezTez деген компанияның атауы әңгіменің барысында пайда болды, дәл бізге қажет атау екенін түсіндік. Таңнан кешке дейін әлемдегі барлық әйелдердің басында жүретін сөздер — тез-тез. Таңертен тез тұрып, тамақ пісіру, бәрін жуу, жинау, жіберу, әкелу керек — және оның бәрін тез істеу керек. Бұл әйелдерден біздің еш айырмашылығымыз жоқ, компанияны дамытып, ассортиментін кеңейтіп, қаптаманы өзгертіп, кез келген өзгерісті ойластыру арқылы біз ең алдымен өз қажеттіліктерімізді қанағаттандырамыз. Біздің екеумізді қоса санағанда алты баламыз бар, олардың кенжесі компания құрылған кезде екіге де толмаған. Біз өз өмірлерімізді жеңілдетуді армандадық, өйткені таңғы, түскі және кешкі асты дайындауға көп уақыт пен күш кетеді. Әйелдерге үлкен жүк жүктелетінін білеміз және олардың көмекшіге лайық екеніне сенеміз.
Алжапқыштағы қыздың эволюциясы
Б: Біздің алғашқы логотипіміз 10 мың теңгеге шықты— алжапқыш киген қыз брендтің символына айналды. Өте қарапайым және сол кездегі бізді бейнеледі. Жылдар өте келе, біз өзгердік, біздің кейіпкеріміз де өзгерді. Біз логотипті өзгерткіміз келді — алжапқышты шешіп, қазанды алып тастадық, шаш үлгісін өзгерттік.
Қазір ол өзінің сүйікті ісімен айналысатын заманауи іскер әйел. Ол өмірге жаңа көзқарастың символы. Біз басқа әйелдердің өздерін қорғап, ас үйде соңғы күштерін қалдырмаудың қаншалықты маңызды екенін түсінгенін қалаймыз. Ребрендингке шамамен 2 млн теңге жұмсалды.
Жаңа бастаған кәсіпкерлерге кеңес
Б: Бизнес бастау ақшаның сомасына тіреліп қалмайды, бәрі кәсіпкердің ішінде жатқан ниетіне және өз қағидаларын қорғау үшін қай жолмен жүруге дайын екеніне байланысты. Басқа ештеңе керек емес. Содан кейін тек жұмыс істеу керек.
К: Бизнесті бастағанда өзіңізден сұраңыз: мен мұны не үшін жасап жүрмін? Егер жауабы тек ақшада ғана болса, онда ісіңізді бастамағаны жөн. Жұмыстан шаршау деген болады, бірақ қиын жағдайларда тек түбінде жатқан терең мағына ғана қолдау көрсете алады. Мен күнделікті не үшін жұмыс істейтінімді білемін. Бұл сұрақ мен үшін мәңгілікке жабық. Бұл жай ғана ақша табу емес, бұл миссия. Бұл бизнес біздің ішкі азап пен басқаларға көмектесуге деген ниетімізден туды. Біздің дайын тағамдарымыз әйелдердің өмірін жеңілдететінін білеміз. Біз үшін ең маңызды сәттердің бірі — сатып алушылармен сөйлесу. Бірде қатерлі ісікпен ауыратын әйел тамақ жасай алмаған кезде біздің өнімдерді алып дайындағаны туралы айтқанда, біз жай бизнеспен айналыспайтымызды түсіндік.
Өз серіктесіңізді табу да маңызды. Бақытпен серіктестігіміз табыстың негізгі қозғалтқышы деп білемін. Біз қиын кезеңдерді бастан өткердік, бір-бірімізбен келісіп, қолдау көрсетуді үйрендік. Міндеттеріміз бөлінген: Бақыт қаржы бөлімінде мықты маман, соның арқасында салықты, несиені, жалақыны, жалдау ақысын уақытында төлеп тұрамыз. Ұйымдастыру бойынша міндеттердің біразын өз мойныма аламын. Бір-бірімізді бағалауды үйрендік, жеке пайдамызды ғана ойламаймыз. Біз жалғыздан гөрі бірлесе отырып көп нәрсені жасай алатынымызды білеміз. Біздің күшіміз серіктестікте.