20 наурыз 2023
Stan.kz: Jusan Analytics: 1,6 миллион қазақстандық ислам банкингінің тұрақты тұтынушысы бола алады
Бүгінде әлемде ислам банкингінің рөлі маңызды бола түсуде. Қазақстанда да исламды ұстанатын және дәстүрлі банктердің қызметін пайдаланудан бас тартып жатқан азаматтардың саны айтарлықтай өсті. Мұндай азаматтарға шариғат заңын сақтайтын банк жүйесі қажет. Осы ретте Jusan Bank құрамындағы Jusan Analytics аталмыш салада талдау жұмысын жүргізген. Жобаны Jusan Analytics жетекшісі Ануар Қуандықов таныстырды.
Jusan Analytics жетекшісінің мәліметінше, соңғы 2021 жылғы санаққа сүйенсек, елімізде 13,3 миллион адам өзін мұсылман деп есептейді екен.
"Мұндай азаматтардың көпшілігі оңтүстік және батыс аймақтарда өмір сүреді. Төлем қабілеті жоғары жастағы 1,6 миллион адам бес уақыт намаз оқиды. Қазір елімізде ислам банкингі жүйесіне жағдай жасалмағандықтан, олар қарапайым банктерді қолданады", - дейді Ануар Қуандықов.
Оның айтуынша, Jusan Analytics Қазақстандағы ислам банкингінің қазіргі қаржылық деңгейімен болашақтағы мүмкіндіктерін салыстырып көрген.
"Мысалы, былтыр желтоқсанда ислам банкингінің депозит портфелі 30,2 миллиард қана болды. Ал біздегі мұсылмандарға сенімді банк жүйесін жасау арқылы 196,9 миллиард теңгеге дейін көтеруге болар еді. Несие беруге келсек, қазір біздегі ислам банктері көбіне кәсіпкерлерге қызмет ұсынады. Сондықтан 2022 жылдағы жалпы несие көлемі 51,2 миллиард теңге болған. Жағдай жасалса, 147,7 миллиард теңгеге дейін көтеруге болады", - дейді ол.
Jusan Analytics елімізде ислам банкингінің дамуына қандай кедергілер барын тілге тиек етті.
"Қазір бізде негізгі төрт критерийдің тек біреуі орындалған. Ол - тең реттеу шарты. Ал одан өзге негізгі үш критерий орындалмаған. Олар: ислам банктеріндегі салымдарды сақтандыру, сукуктың, яғни ислам банктері өз құнды қағаздарын құюға арналған бағалы қағаздардың болмауы және бәсекелестіктің жоқтығы", - дейді маман.
Оның айтуынша, еліміздегі ислам банк жүйесін Түркия елінің мысалы негізінде дамытуға болады.
"Мәселен, Қазақстанда қазір тек 2 ислам банкі болса, Түркияда 6 банк бар. Ол жақта бұл жүйенің даму себебі мынада. Біріншіден, мемлекеттік қолдау бар. Атап өтілген, 6 ислам банктің 3-уі мемлекеттік банктер. Екіншіден, депозиттерді сақтандыру жүйесі құрылған. Елдегі ең үздік ислам банктердің бірі Kuveyt Turk банк саласына әрдайым жаңалықтар алып келіп отырады. Олар алғашқы болып, ислам несие картасын ұсынып, Visa төлем жүйесіне қосылып, инвестициялық қор құрады", - дейді Ануар Қуандықов.
Ол ислам банк жүйесі Қазақстанда ғана емес әлемде де енді қарқын алып дамып келе жатқан айта кетті.
"Қазақстанда бұл жүйенің потенциалы өте жоғары. Ол тек халықтың сұранысына ғана емес, кәсіпкерлердің тең дәрежеде серіктестік құру ұстанымына сай. Ал әлемдегі ислам банкингі жүйесінің дамуына келсек, мұсылмандар саны күн санап артып келеді. Қазірдің өзінде әлемде 1,8 миллиард адам осы дінді ұстанса, 2050 жылға қарай, олардың саны 2,8 миллиардқа жетеді. Тағы бір себеп, ислам мемлекеттерінің экономикасы дамып келеді. Соңғы 20 жылда 263% өсім болған. Әлемде 375 компания фин-тех компания ислам қаржысымен жұмыс істейді. Оған қоса, әртүрлі елдердегі мемлекеттік қолдауды да ескерген жөн", - дейді маман.
Jusan Analytics мәліметінше, ислам банк жүйесінің Қазақстандағы дамуы 1995 жылдан басталады. Алайда тек 2009 жылы заңды дәрежеге ие болған. Қазір елімізде екі банк бар: Al Hilal және Заман. Одан бөлек, "Қазақстан Иджара" лизингтік компаниясы, "Әл Сакр Финанс" лизингтік компаниясы және Tayyab компаниясы жұмыс істейді.
Jusan Analytics - бұл Jusan тобының кәсіби аналитиканы азаматтар мен бизнеске барынша түсінікті және қолжетімді жасайтын зерттеу орталығы.
20 наурыз 2023
Ең пайдалы ақпарат таратылымына жазылыңыз