Бизнесті дамытуға грант ұтып алу

Халықтың әлеуметтік осал топтарына кіретін жаңа кәсіпкерлер мен жұмыссыз азаматтар 400 АЕК мөлшерінде грант ұтып ала алады

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Бизнесті дамытуға грант ұтып алу

Халықтың әлеуметтік осал топтарына кіретін жұмыссыз азаматтар мен жаңа кәсіпкерлерде жеке кәсіп ашуға және оны дамытуға 400 АЕК мөлшерінде грант ұтып алу мүмкіндігі бар. Бөлінген қаражатты мемлекетке қайтарудың қажеті жоқ, алайда ол ақшаны кредит өтеуге немесе үй сатып алуға жібермей, тек бизнестің шығындарына ғана жұмсау қажет. Бұл мақалада грант бағдарламасына үміткер болу, грантқа ілігу шарттары және жұмсалған қаражат туралы есеп беру сияқты тақырыптарды ашатын боламыз.

Жобаның мәні

Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарына кіретін жаңа кәсіпкерлерге бизнес ашуға және оны дамытуға гранттар бөледі. Осылайша үкімет еліміздің азаматтарына өздерін өздері жұмыспен және тұрақты табыспен қамтамасыз етулеріне көмектеседі.

Грант алуға үміт білдірушілердің өтініштері жыл бойы ағымдарға бөлініп қабылданады, өтініш беру кестесін Business Enbek сайтында, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде қарап отыру керек. Өтініштерді әр ағым сайын беруге болады, бірақ грант бір қатысушыға бір-ақ рет бөлінеді. Гранттың максималды мөлшері — 400 АЕК (2024 жылы 1 476 800 теңге).

Жобаға қатысу үшін «Бастау Бизнес» кәсіпкерлерді даярлау курстарын аяқтау қажет. Оқу онлайн форматта тегін өтеді.

Өтініш беруге лайық азаматтар

Өтінішті тек мына тұлғалар бере алады:

Оған қоса, үміткер мына әлеуметтік топтардың біріне қатысты болуға тиіс:

  • көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы алушылар;
  • атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • еңбек етуге қарсы көрсетілімі жоқ мүгедек адамдар;
  • еліміздің оңтүстік өңірлерінен солтүстік өңірлерге қоныс аударған адамдар;
  • қандастар;
  • бір немесе бірнеше мүгедек баланы тәрбиелеуші адамдар және олардың жұбайлары;
  • асыраушыдан айрылғанына байланысты әлеуметтік төлем алушылар.

Қатысушыларға қойылатын талаптар

Өтініш беру үшін қатысушы мына құжаттарды міндетті түрде дайындау керек:

  • тұрғылықты мекенжайда тіркелу (қоныс аударғандар мен қандастардан басқаларға қойылған талап)
  • өтініш берген кезде мерзімі үш жылдан аспаған «Бастау Бизнес» оқуын аяқтағаны туралы сертификат;
  • жобаның бизнес-жоспары;
  • электронды-цифрлы қолтаңба.

Оқу сертификатын алу

«Бастау Бизнес» кәсіпкерлерді даярлау курстарын аяқтау туралы сертификаттың болуы — грант алуға үміткерлердің барлығы үшін міндетті шарт. Оқу Skills Enbek платформасында тегін өтеді.

  1. Business.enbek.kz порталына электронды пошта, мобильді телефон немесе ЭЦҚ арқылы тіркеліңіз.
  2. Жеке кабинеттегі «Мәртебені тексеру» бөлімінде бағдарлама шарттарынан өту ықтималдығыңызды анықтаңыз. Бұл жерде сіз қызметіңіздің категориясын таңдауыңыз қажет. Содан кейін сіздің жеке кабинетіңіз бен телефоныңызға бір сағат ішінде хабарлама келеді.
  3. Хабарламаны алғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде оқуға жазылыңыз, себебі үлгермесеңіз, тексерістен қайта өтуге тура келеді. Курс 12 модульден тұрады. Әр модульдің соңында тест тапсырып, сұрақтардың кемінде 70%-на дұрыс жауап беру керек.
  4. Оқу соңында 12 модульдің біреуіне де ұқсамайтын ең соңғы тестілеу өтеді. Әр қатысушыға тестіден өтуге 3 мүмкіндік беріледі. Оны тапсыра алмай қалсаңыз, курсты келесі жылы қайта өте алатын боласыз. Ал егер уақытты босқа кетіріп алғыңыз келмесе, онда курста өткеннің барлығын мұқият оқып, тестілеуге жауапты дайындалғаныңыз жөн болады.

Грант беру шарттары

Гранттар тек құрал-сайман, еңбек құралдары, технологиялы жабдық, жануар, құс, көшет, бұта, өсімдік тұқымын сатып алу, жұмыс орнын жалдау ақысын төлеу сияқты мақсаттарға бөлінеді. Бұл ақшаны жеке басыңыздың шығындарына, кредиттерді төлеуге, үй құрылысына немесе үй сатып алуға, жалақы төлеуге жұмсауға болмайды.

Грант алуға өтініш беру

Грантқа өтінішті оқуды аяқтағаннан кейін жібере беруге болады. Өтініш кестесі Business Enbek порталында және әлеуметтік желілерде жарияланады. Сондай-ақ, өтінішті ХҚКО-лар мен мансап орталықтары арқылы беруге болады.

Порталға кіріңіз. Оқудан өту кезінде тіркелген аккаунтыңызға кіріңіз. Егер сізде жеке кабинет болмаса, онда порталға электронды пошта, мобильді телефон нөмірі немесе ЭЦҚ арқылы тіркеліңіз.

Өтініш күйін тексеріңіз. Жеке кабинеттегі «Мәртебені тексеру» бөлімінде бағдарлама шарттарына сәйкес болу ықтималдығыңызды анықтаңыз.

Бизнес-жоспар дайындаңыз. Бұл сіздің болашақ бизнесіңіздің даму жоспары, оған бизнестің өзі, оның тауары, өндірісі, жұмыс тәртібі, т.б. туралы мәліметтер, есептер және болжамдар кіреді. Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, толтырыңыз да, оған ЭЦҚ көмегімен қол қойыңыз.

Өтініш беріңіз. Бұл жерде өтініш үлгісін толтырып, оған ЭЦҚ-мен қол қойыңыз.

Комиссия отырысына барыңыз. Өтініш бергеннен кейін жеке кабинетіңіз бен телефоныңызға комиссия отырысының күні, уақыты және орны жазылған хабарлама келеді. Отырысқа өзіңіз барып, бизнес-жобаңыз бен алға қойылған жоспарларыңыз және үміттеріңіз туралы толық айтып беріңіз.

Грант ұтып алғаннан кейінгі әрекеттер

Комиссия сізге грант ұсынуды шешетін болса, онда бес күн ішінде жеке кәсіпкерлік тіркеп, банкте шот ашуыңыз керек.

Егер сізде жеке кәсіпкерлік те, шот та бар болса, онда келесі қадамға көшіңіз.

Шот реквизиттерін толтырыңыз. ЖК тіркеп, шот ашқаннан кейін Business Enbek-тегі жеке кабинетте шот реквизиттерін енгізіңіз. Қаражат сол шотқа түседі. Реквизит толтыруға бес жұмыс күні беріледі, ал одан кешігіп қалсаңыз, онда грант берілмейтін болады. Бұл жағдайда өтінішті келесі ағымда қайтадан беруге болады.

Келісімшартқа қол қою. Жеке кабинеттегі «Грант келісімшарты» бөліміндегі келісімшартқа қол қойыңыз. Оны бес жұмыс күнінде жасап үлгеру керек, себебі кешіксеңіз, грант берілмей қояды, ал жаңа өтінішті тек келесі жылы ғана бере алатын боласыз.

Ақшаны шотыңызға қабылдаңыз. Ақша келісімшартқа қол қойылғаннан кейін бес жұмыс күнінде ЖК шотына түседі. Егер ақша уақытында түспесе, өз қалаңыздағы немесе облысыңыздағы Мансап орталығына хабарласыңыз.

Грант туралы есеп беру

Грант алғаннан кейін ақшаның мақсатына сай жұмсалып жатқаны туралы, яғни, бизнес-жоспарда жазылған мақсаттарға пайдаланылғаны туралы тоқсан сайын есеп беріп отыру қажет. Есеп Business Enbek порталындағы жеке кабинетте «Есеп тапсыру» бөлімінде тапсырылады.

Есепте қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы жазып, мына растаушы құжаттарды тіркеп жіберу қажет:

  • сатып алу-сату туралы келісімшарт,
  • төлем шоты,
  • төлем тапсырмасы,
  • электронды шот-фактура,
  • тауарлардың жөнелтпе құжаттары немесе орындалған жұмыстар актісі.

Егер есепті уақытында бермесеңіз немесе мәліметтерді қате берсеңіз, онда мемлекет ақшаны қайтарып алуы әбден мүмкін.

Ескеретін жайттар

Кейде ақшаны мемлекетке қайтару керек болатын жағдайлар туындап қалады: мысалы, егер сіз қаражатты уақытында жұмсамасаңыз, немесе сатып алған кезде тауардың бағасы өзгерсе, немесе қажет тауар еш жерде табылмаса.

Егер сіз грант қаражатын мақсатына сай жұмсағаныңызды растамасаңыз, болмаса мүлдем пайдаланбасаңыз, онда ақшаны қайтару керек болады — ол үшін келісімшарт жасаған күннен кейінгі үш ай ішінде Портал арқылы ақшаны ерікті түрде толығынан қайтаруға өтініш беру керек.