Қызметкерді жұмысқа қалай алуға болады

Қызметкерді компанияға қалай кіргізу керек, ол үшін қандай құжаттар қажет және еңбек шартында нені ескеру керегі туралы әңгімелейміз

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Қызметкерді жұмысқа қалай алуға болады

Бизнес айналымы неғүрлым өсе бастаса, жұмыс процесстерін ұйымдастыруға соғұрлым көп адам қажет болады. Қызметкерлердің компанияда заңды түрде жұмыс істеуі үшін оларды штатқа орналастыру керек. Мұның ең қиын жағы — лайықты жұмыскер тауып, онымен сұхбат өткізу ғана, ал жұмысқа тұрғызудың ресми тәртібін біз осы мақалада толығырақ айтатын боламыз.

Жұмысқа қабылдау тәртібі

Қызметкерді қабылдаудың стандартты тәртібіне не кіреді:

  • жұмысқа қабылдау туралы өтініш алу;
  • жұмыскердің жеке құжаттарын сұрау;
  • еңбек шартын жасасу;
  • материалдық жауапкершілік туралы шарт жасасу (қызметкердің міндеттеріне кіретін болса);
  • жұмысқа қабылдау туралы бұйрық жасау;
  • қызметкерге лауазымдық нұсқаулық беру.

Қызметкер құжаттарының тізімі

Бұл құжаттар еңбек шартын жасасу үшін қажет.

  1. ҚР азаматтарынан — жеке куәлік;
    16 жасқа толмағандардан — туу туралы куәлік;
    шетел азаматтарынан — паспорт және ЖСН;
  2. білім алу, біліктілік санатын көтеру және кәсіби дайындықтан өту туралы дипломдар, куәліктер, сертификаттар;
  3. еңбек кітапшасы, ұсыным хаттар (стажы болса);
  4. әскери билет немесе әскерге шақыру бөлімшесіне тіркелу туралы куәлік (әскери қызметке міндеттілер үшін);
  5. медициналық тексеруден өту туралы анықтама немесе санитарлық кітапша (медициналық куәландыруді өтуге міндеттілер үшін);
  6. мекенжай анықтамасы;
  7. соттылығының жоқтығы туралы анықтама (кәмелеттік жасқа толмағандарға байланысты білім беру, тәрбиелеу, демалыс және сауықтыруды ұйымдастыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қамтамасыздандыру, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және өнер салаларында жұмыс істейтіндерге).

Жұмысқа қабылдау туралы өтініш

Бұл болашақ қызметкердің жұмыс берушіден оны қызметке қабылдауды сұрайтын құжат. Өтініш компания басшысының атына жазылады. Онда қызметкердің толық аты-жөні, лауазымы, жұмысқа кірісу күні, өтінішты толтыру күні және қызметкердің қолы болуға тиіс. Өтінішті еркін нысанда жазуға болады.

Еңбек шарты

Еңбек шарты — бұл жұмыскер мен жұмыс беруші арасында жасалатын келісім, онда екі жақтың құқықтары мен міндеттері, еңбекақы мөлшері, жұмыс тәртібі, еңбек демалысының кестесі және басқа да жұмыс шарттары бекітіледі.

Еңбек шартын қайда жасасуға болады

  • онлайн түрде — қызметкер мен жұмыс берушінің ЭЦҚ-мен растау арқылы «Электрондық еңбек биржасында»;
  • қағаз нұсқада — қызметкермен бірге, бірақ оны кейін бәрібір enbek.kz сайтында Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде жұмыс берушінің ЭЦҚ-мен растау арқылы тіркеу керек болады.

Шартта не болуға тиіс

Еңбек шарттың басқа келісімшарттардан айырмашылығы — ондағы жұмыскерге байланысты келесі шарттардың бекітілетіні:

  • еңбек міндеттері;
  • еңбек тәртібі;
  • еңбекақы мөлшері.

Аяғы ауыр әйелдер, кәмелеттік жасқа толмағандар, 3 жасқа толмаған балалары барлар және мүгедек адамдар еңбек шартын жасасып, жұмысқа орналасуға құқылы. Барлық салынған тыйымдар мен шектеулер Еңбек кодексінде бекітілген.

Еңбек шартының міндетті тармақтары

  • жұмыс берушінің реквизиттері:
    • жеке кәсіпкерліктерге — жұмыс берушінің аты-жөні, жеке куәлігінің нөмірі мен берілген күні, ЖСН;
    • ЖШС-ге — компания атауы, мекенжайы, мемлекеттік тіркеу туралы құжат нөмірі мен берілген күні, БСН;
  • Қызметкердің реквизиттері: аты-жөні, мекенжайы, жеке куәлігінің немесе паспортының нөмірі мен берілген күні, ЖСН;
  • лауазымы;
  • жұмыс орны;
  • шарт мерзімі;
  • жұмысқа кірісу күні;
  • жұмыс және демалыс кестесі;
  • еңбек ақысын төлеу шарттары;
  • еңбек ету шарттары (зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтіндер үшін кепілдіктер мен жеңілдіктер);
  • жұмыскердің құқықтары мен міндеттері;
  • жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;
  • шартқа өзгертулер енгізу және шартты бұзу тәртібі;
  • қызметкерге кепілдіктер мен өтемақылар төлеу тәртібі;
  • қызметкерді сақтандыру шарттары;
  • қызметкер мен жұмыс берушінің жауапкершілігі;
  • шартты жасасу күні мен оның нөмірі.

Осы тармақтарға өзгертулер енгізу үшін, мысалы, қызметкердің мекенжайын, еңбекақы мөлшерін немесе жұмыс кестесін өзгерту үшн қосалқы келісім жасасу қажет. Ол құжатқа да екіжақты қол қойып, компания мөрін басу қажет. Оның бір нұсқасы жұмыс берушіде қалып, екінші нұсқасы қызметкерге табысталады.

Материалдық жауапкершілік туралы шарт

Егер қызметкерге оның лауазымына байланысты мүлік, құндылықтар немесе ақша тапсырылатын болса, онда толық материалдық жауапкершілік туралы шарт жасасқан дұрыс болады.

Материалдық жауапкершілік — бұл қызметкердің қызметтік міндеттерін орындау кезінде жұмыс берушінің мүлкіне, өніміне, қаражатына және басқа да құндылықтарына зиян келтірілген жағдайда өтемақы төлеу міндеті.

Қызметкердің жұмысы оған тапсырылған мүлікті сақтау, өңдеу, сату, тасымалдау, қолдану және басқа түрлі пайдаланумен байланысты болса, материалдық жауапкершілік туралы шарт жасалады. Онда тараптардың міндеттері, қызметкердің жауапкершілігі және жұмыс беруші мен жұмыскердің реквизиттері мен қолтаңбалары бекітіледі.

Жұмысқа қабылдау туралы бұйрық

Бұйрық — бұл қызметкердің жұмысқа қабылданғанын растайтын ресми құжат. Бұйрықты компания басшысы шығарады. Оған еңбек шартындағы мәліметтер жазылуға тиіс:

  • қызметкердің аты-жөні;
  • қызметкер жұмыс істейтін бөлімше атауы;
  • лауазымы;
  • жұмысқа кірісу күні;
  • еңбекақы және басқа да жұмыс үшін төленетін ақылардың шарттары;
  • сынақ мерзімінің ұзақтығы (қажет болса).

Лауазымдық нұсқаулық

Бұл құжат қызметкердің міндеттерін толықтай сипаттау үшін қажет. Ол жұмыскерлердің міндеттеріне байланысты туған даулар мен келіспеушіліктерді сот арқылы шешерде, қызметкерлерді аттестаттауда, сынақ мерзімінде жұмыстан шығаруда немесе штатты қысқартуда қажет болып қалуы мүмкін. Лауазымдық нұсқаулық міндетті құжатқа жатпайды, сондықтан да оны жұмыс берушілердің кейбіреуі оны қажет етпейді.

Қызметкер үшін төленетін салықтар мен төлемдер

Штаттағы қызметкер саны және олар үшін төленетін төлемдер компанияның салық режиміне байланысты.

Жеке кәсіпкерліклікте:

  • жалпыға бірдей белгіленген режимде — 250 адамға дейін;
  • оңайлатылған режимде — ЖК иесімен қоса 30 адамға дейін;
  • патент негізінде — қызметкер жоқ.

ЖШС-те:

  • оңайлатылған режимде — 30 адамға дейін;
  • тіркелген шегерім пайдаланылатын режимде — 50 адамға дейін.

Қызметкер үшін қандай салықтар мен төлемдер төленуге тиіс

Қызметкерлер үшін төленетін әлеуметтік төлемдер еңбекақы сомасынан есептеледі.

Қызметкерлер үшін нені төлеу керек:

  • МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары
  • ӘА — әлеуметтік аударымдар
  • МӘМС — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
  • МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары
  • Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС
  • Әлеуметтік салық

Еңбекақыдан қанша салық төлеу керек

200 000 теңге мөлшеріндегі қызметкер еңбекақысынан әлеуметтік төлемдерді есептеу формулалары.

Қызметкер есебінен

МЗЖ — еңбекақы × 10%
200 000 × 10% = 20 000 теңге

Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС — (еңбекақы − МЗЖ − 14 АЕК) × 10%
(200 000 − 20 000 − 48 300) × 10% = 13 170 теңге

МӘМСЖ — 1,4 АЕК-тен 5%
98 000 × 5% = 4 900 теңге

Жұмыс беруші есебінен

МӘМС — еңбекақы × 3%
200 000 × 3% = 6 000 теңге

ӘА — (еңбекақы − МЗЖ) × 3,5%
(200 000 − 20 000) × 3,5% = 6 300 теңге

Әлеуметтік салық — қызметкер үшін 1 АЕК (3 450 теңге), өзі үшін 2 АЕК (6 900 теңге)

Қызметкер еңбекақысының нақты мөлшері 200 000 теңге болса, қолына ол 161 930 теңге алатын болады. Ал жұмыс беруші үстнен тағы 15 750 теңге төлейтін болады.

Еңбекақыдан төленетін салықтар бойынша қандай есептілік тапсыру керек: ЖТС және әлеуметтік салық бойынша 200.00 нысан — тоқсан сайын, 15 мамырға, 15 тамызға, 15 қарашаға және келесі жылғы 15 ақпанға дейін.

Еңбекақыдан төленетін салықтарды қашан төлеу керек: ай сайын, әр келесі айдың 25 жұлдызына дейін. Мысалы, қазан үшін 25 қарашаға дейін, қараша үшін 25 желтоқсанға дейін, және т.с.с.