Маркетплейстерде тауар сату

Бизнесті тіркеп, тауаша мен платформаны таңдап, сатуды бастау

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Маркетплейстерде тауар сату

Маркетплейс — бұл тауарларды онлайн сатуға арналған үлкен платформа. Ол сатушыларға өз тауарларын сипаттамаларымен және суреттерімен орналастыруға, сонымен қатар тауарларды қоймада сақтауға, және сатып алушыларға жеткізіп, қолдарына тапсыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлерге өз интернет-дүкенін ашуға ақша жұмсаудың, логистика, төлем қызметтері және тапсырыс беру пункттері туралы ойлаудың қажеті жоқ — ұйымдастырушылық мәселелердің көбін маркетплейс өзіне алады.

Тіркеу формасы

Кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін жеке кәсіпкерлік (ЖК) немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашу қажет. Көбінесе, маркетплейстермен жұмыс істеу үшін кәсіпкерлер оңайлатылған жеке кәсіпкерлікті ашады.

Тіркелу кезінде қызметтің негізгі түрі ретінде 47910 — «Поштамен тапсырыс беру немесе Интернет желісі арқылы бөлшек саудада сату» ЭҚЖЖ кодын таңдау керек. Бұл код веб-сайттарда, теледидарда, радиода жарнама арқылы сатуға мүмкіндік береді.

Тапсырыс беру пунктері бар маркетплейстерде сату үшін қосымша ЭҚЖЖ кодтар ретінде келесі қызмет түрлерін қосуға болады:

  • ЭҚЖЖ 53200 — өзге пошталық және курьерлік қызмет,
  • ЭҚЖЖ 52102 — азық-түлік емес тауарларды қоймаға қою және сақтау.

Маркетплейстер қалай жұмыс жасайды

Маркетплейстерге дайын офлайн бизнеспен немесе жаңадан кәсіп бастаушы ретінде кіруге болады. Жаңадан бастағандар үшін маркетплейстерде сауданы бастау тезірек және арзанырақ болады, бірақ кез келген бизнес сияқты бұл да күш-жігерді қажет етеді. Сатушы науқандарды, бағаларды және бәсекелестердің тәсілдерін үнемі қадағалап отыру керек, сонымен қатар, тұтынушылардың жауабын бақылап, контентті үнемі жақсарту керек. Тұтынушы ұсыныстарды салыстырып, шынайы пікірлерді оқып, ең тиімді нұсқаға тапсырыс беру үшін маркетплейстерге барады.

Маркетплейстердің артықшылықтары

Маркетплейстер кәсіпкерлерді өз сайтына тіркелуге және бизнес жүргізуге ынталандыру үшін бірқатар қолайлы шарттарды ұсынады, олардың ішінде:

  • дайын сатып алушылар,
  • сараптау құралдары,
  • электронды құжат айналымы,
  • маркетинг және жарнама,
  • меншікті қоймалары.

Маркетплейстер сатушылар үшін несімен пайдалы? Жеке сайт жасаудың және өнімді жарнамалаудың, жеке қойманы жалға алудың, қосымша сатушыларды жалдаудың қажеті жоқ — мұның барлығы белгіленген пайыз үшін маркетплейс өзіне алады.

Маркетплейстің қоймалары да тауарларды сақтау үшін белгіленген бір ақы алады.

Маркетплейстердің кемшіліктері

  • жоғары бәсекелестік,
  • жоғары комиссиялар мен тауар қайтаруы,
  • ережелерді бұзғаны үшін айыппұлдар,
  • сатып алушымен тікелей байланыс жоқтығы.

Маркетплейс алаңдарында айыппұл салынбауы үшін босалқы тауар қорын сақтау, тапсырыстарды уақытында өңдеу мен пайданы бақылау маңызды.

Егер сатушы авторлық құқықты бұзса, өнімнің суреті мен сипаттамасы сәйкес келмесе, бұзушылықтар мен тапсырыстан бас тарту жиі болып тұрса, онда оған айыппұлдар салуы мүмкін.

Қадамдық нұсқаулық

1-қадам. Тауарды таңдау

Маркетплейстерде сатуды бастамас бұрын, сауда саласын таңдау керек. Ол келешекті тауашаны таңдау кезеңінде маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

Егер кәсіпкерде өзінің бөлшек сауда нүктесі болса, бұл барлығын жеңілдетеді және маркетплейс ақша табудың қосымша алаңына айналады, бірақ жаңадан бизнес бастағандар үшін алдымен сұранысты зерттеу керек.

Классикалық тәсіл — қытай хабтарда күнделікті қолдануға арналған тауарларға тапсырыс беру және олардың үстіне баға қосып сату. Бұл жерде маусымдық сұранысты да ескерген жөн: ыдыс-аяқ, тұрмыстық химия, косметика, тазалау құралдары жыл бойы сатып алынады, бірақ басқа тауарларға қарағанда көбірек сатылым жасай алатын маусымдық тауарлар да бар — ол 8 наурызға, Жаңа жылға арналған сыйлықтар, қысқы және жазғы тауарлар.

2-қадам. Маркетплейс шарттарын таңдау мен зерттеу

Бизнесті жалпы маркетплейстерде де, тар шеңберлі маркетплейстерде де бастауға болады. Олардың әрқайсының өз аудиториясы бар. Мысалы, Wildberries атты ресейлік маркетплейстің негізгі аудиториясы 25 пен 45 жас аралығындағы әйелдер, сондықтан олар көбінесе киім-кешек пен тұрмыстық заттарды осы жерден сатып алады. Бірақ Ozon-да көбінесе электрониканы — телефондар, смарт-сағаттар, құлаққаптар, шағын тұрмыстық техника, теледидарларды алады. Сондай-ақ, әртүрлі санаттағы тауарларды сататын бірқатар қазақстандық маркетплейстер бар. Солардың бірі — электроника, жиһаз және құрылыс материалдары, тұрмыстық заттар, киім-кешек, аяқ киім мен аксессуарлар, автотауарлар, медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектер сататын Jusan банкінің JMart маркетплейсі. Бұл қызметті пайдалану үшін банк клиенті болу міндетті емес, оған кез келген банктің картасын иеленген жеткілікті.

Барлық маркетплейстерде өздерінің комиссия мөлшерлемелері, сондай-ақ тауарларды сақтау және жеткізу құны бар. Оларды салыстырып, өзіңізге қолайлы шарттарды таңдау керек.

Маркетплейстерде сатуға тыйым салынған тауарлардың ішінде темекі өнімдері мен қару-жарақ бар.

3-қадам. Маркетплейсте тіркелу

Тіркеу процесі маркетплейстердің көбінде цифрландырған, сондықтан оны бес минуттың ішінде істеуге болады. Банк экожүйесіндегі көптеген маркетплейстерде ЖК немесе ЖШС-ны қашықтан тіркеуге, ағымдағы шотты ашуға және бірден жұмысқа кірісуге болады.

Келісімшарт жасалғаннан кейін жаңадан ашылған жеке кабинетте тауарларды енгізуге, есептемелерді қарауға және тапсырыстарды растауға болады.

4-қадам. Салынған контент

Тауар карточкаларында жазылған мәтін жайғасымға, конверсияға, демек, сатушының пайдасы мен рейтингіне әсер етеді. Сондықтан бұл мәселеге үлкен көңіл бөлу керек.

Тауар карточкаларын маркетплейстерге жүктеп салудың бірнеше жолы бар:

  • Қолмен тіркеу — бұл әдіс қызметтің интерфейсімен танысуға және бүкіл процесті бақалауға мүмкіндік береді, бірақ көп уақыт алады және бағаларды қолмен жаңартуды талап етеді.
  • XML/YML файл арқылы — әрбір маркетплейстің өз үлгісі бар, оны кестеде көрсетілген тәртіппен ғана толтыру керек. Тауарлар туралы енгізілген деректерді жеке кабинетке жүктеп алуға болады.
  • Басқа маркетплейстің файлын көшіру арқылы — кейбір маркетплейстер ассортиментті басқа сайттан файл арқылы жүктеп салуға мүмкіндік береді. Бірақ кейбір маркетплейстерте ондай мүмкіндік жоқ, немесе оның кейбір шектеулері бар.
  • API арқылы — бұл әдіс 1С тауарларын есепке алу бағдарламасын пайдаланатындар үшін қолайлы, бірақ ол үшін жүктеу мүмкіндігін орнататын техникалық маман қажет.

5-қадам. Алғашқы сауда

Сатушыға алғашқы тапсырыстар туралы хабарламалар түседі, содан кейін ол тауардың бар-жоғын тексеріп, тапсырысты өзінің жеке кабинетінде қабылдайды және тауарды жіберуге дайындайды.

Тауарды жеткізу үш схема бойынша жүзеге асырылады және сатушыға байланысты болады:

  • FBO (Fulfillment by Operator) — сатушы тауарды маркетплейс қоймасында сақтайды. Жеткізу процесі — қабылдау, қаптама жасау, клиентке жеткізу — толығынан маркетплейстін міндеті болып саналады.
  • FBS (Fulfillment by Seller) — сатушы тауарды өз қоймасында сақтайды. Тапсырысты алғаннан кейін ол оны өзі орап, маркетплейстің жеткізу қызметіне береді, содан кейін маркетплейс оны клиентке жібереді.
  • DBS (Delivery by Seller) — сатушы тауарды өз қоймасында сақтайды және сатып алушыға өз бетінше жеткізеді.

Төлем сатушыға тауарды сатып алғаннан кейін келесі күні (ең көбі үш күнге дейін) түседі.

Егер клиент тапсырыстан бас тартса немесе оны қайтарса, оның себептері анықталғанша, маркетплейс сатушымен жұмысын уақытша тоқтата алады. Тапсырыстан бас тарту көбінесе тауар қоймада жоқ болғанына байланысты болады, бұл әсіресе аз партиямен тапсырыс беретін шағын компанияларда жиі кездеседі.

Ақшаны шығарып алу процесі де қарапайым — маркетплейстер түскен табысты тіркелген кезде көрсетілген ағымдағы шотқа жібереді. Бұл жағынан банктердің экожүйесіндегі маркетплейстер ыңғайлы, себебі ақша тікелей сол банктің картасына түседі.


Маркетплейстер үлкен трафик пен тауарды сатып алғысы келетін аудиторияны қамтамасыз етеді, сату географиясын кеңейтеді, логистика мен тауар сақтауын өзіне алады, бірақ ережелерді қатаң сақтауды да талап етеді. Бұл бизнесті бастау үшін немесе кеңейту үшін жақсы мүмкіндік болып табылады.