Жеке кәсіпкерлік пен жалдамалы жұмысты бірдей алып жүру

Жұмыс істеу шарттары, төленетін салықтар мен төлем қабылдау тәртібі

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Татьяна Федорова

Татьяна Федорова

статистика есебі туралы бәрін біледі

Жеке кәсіпкерлік пен жалдамалы жұмысты бірдей алып жүру

Кәсіпкер жалдамалы жұмыс пен кәсіпкер қызметпен қатар айналысқысы келеді деп елестетейік. Мұны қалай ұйымдастыруға болатынын, шектеулері бар ма екенін және тапқан табыс пен мүлікті қалай бөліп жүргізуге болатынын осы мақалада айтып береміз.

Еңбек шарты бойынша жұмыс істеп, ЖК ашу

ЖК ашу үшін еңбек шарты бойынша тұрған жұмыстан бас тарту қажет емес. Мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, судьялар, полиция қызметкерлері және прокурорлардан басқа кез келген адам жалдамалы жұмысты бизнеспен қатар жүргізе алады. Мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер мемлекеттік қызметшілерге жатпағандықтан, ЖК аша алады.

Егер ЖК пәтер жалға беру үшін қажет болса, онда жеке табыс салығы табыс мөлшерінің 1% құрайтын режимді таңдаған дұрыс — бұған мобильді қосымша қолданылатын арнаулы салық режиміндегі ЖК немесе патентпен жұмыс істейтін ЖК жатады. Егер кәсіпкер тауар сатуды жоспарласа, онда оңайлатылған ЖК немесе бөлшек салық арнаулы салық режиміндегі ЖК ашуды қарастырған дұрыс. ЖК ашу туралы толығырақ мына сілтемеден оқыңыз:

ЖК ашу

Жұмыс берушіге ЖК туралы айту

Жұмыс берушіге  ЖК бар екені туралы айтудың қажеті жоқ. Бірақ мұны жасыру да мүмкін емес: егер жұмыс беруші ЖК-ның бар-жоғын тексергісі келсе, оны онлайн-ақ тексере салады, бұл ақпарат барлығына ашық және кез келген азаматқа қолжетімді. Бұдан қорқудың қажеті жоқ, ең бастысы, еңбек шартындағы міндеттемелерді орындап, бизнеспен жұмыстан бос уақытта айналыссаңыз болды.

Мысалы, мұғалім болып істеп жүрген адам репетитор болып немесе дәріс оқу арқылы қосымша табыс тапқысы келіп жүр дейік. Бұл жағдайда ол директорға айтпай-ақ ЖК аша алады. Бастыққа бизнес туралы хабарлауды міндеттейтін заң жоқ.

Төлем қабылдау және есеп жүргізу тәсілдері

Кәсіпкер ЖК-ға бөлек шот ашуға міндетті емес — бұл туралы заңда арнайы ережелер қарастырылмаған. Ол төлемдерді клиенттерден өзінің жеке шотына қабылдай алады.

Бірақ іс жүзінде ЖК-ның бөлек шоты болғаны дұрыс, бұл өте ыңғайлы әрі кәсіпкер жұмысын әсіресе мына жағдайларда жеңілдетеді:

  • басқа ЖК немесе ЖШС-тан қолма-қол ақшасыз төлемдер қабылдау;
  • интернет арқылы төлем қабылдау;
  • қызметкерлер карталарына жалақы төлеу.

Кейбір кәсіпкерлерге қызмет түріне байланысты POS-терминал орнату керек болады, яғни ЖК бөлек шотсыз жұмыс істей алмайды. Егер оларда POS-терминал болмаса,  салық заңнамасы  мен тұтынушылар құқықтары бұзылды деп есептелетін болады, өйткені тұтынушыларда қолма-қол ақшасыз төлем жасау мүмкіндігі болу керек және керек кезде тауарды айырбастау немесе қайтару үшін сатып алғанын растайтын құжат — фискалды чек болуы керек.

ЖК-ға бөлек шотын ашқысы келмейтін ақша айналымы шағын кәсіпкерлер төлемдерді қолма-қол ақшамен немесе жеке шоттарына мобильді қосымша арқылы аударып қабылдай алады, бірақ екі жағдайда да клиентке чек беруге міндетті, әйтпесе ол тұтынушы құқықтарын бұзатын болады. Кәсіпкер чектерді e-Salyq Business мобильді қосымшасын жүктеп алып, онлайн шығара алады. Сонда бақылау-касса аппараттын сатып алудың қажеті жоқ болады және чекті тікелей қосымшада беруге болады. Электронды чекте жеке кәсіпкердің аты-жөні мен сатып алушының сәйкестендіру нөмірі жазылады, және қажет болған жағдайда оны тіпті электронды поштаға, сондай-ақ Whatsapp немесе Telegram сияқты мессенджерлерге жіберуге болады. Берілген чектердің түпнұсқалары QR коды арқылы расталады.

ЖК-ның бөлек шоты контрагенттермен өзара есеп айырысуға және ақша шығарып алуға ыңғайлы. Сонымен қатар, кәсіпкерде шот болса, жалпыға ортақ декларациялау кезінде оңайырақ болады. Жалпы, 2024 жылдан бастап сарапшылар жеке қаржы мен бизнестен келген табысты бөлек жүргізуге кеңес береді.

ЖК-да бөлек шот болғанның артықшылығы — ол шоттан салық төлеу ыңғайлы, себебі төлем қате жасалса, ақша сол шотқа қайтарылатын болады. Бизнеске арналған шот ашылғаны туралы салық органына хабарлаудың қажеті жоқ, оны банк өзі жасайды. Кәсіпкер бұл шотқа өзінің жеке ақшасын сала алады (ол табыс болып саналмайды) және өзінің жеке шығындарына ақша ала алады. Алынған ақша салық мөлшермесін төмендетпейді, себебі салық табыстың толық сомасынан төленуі керек (жеке ақша саналмайды).

ЖК-ға бөлек шот ашу үшін бизнеске арналған банк қосымшасын жүктеп алып, шот ашып, қаржыны бөлек басқаруға болады.

Jusan Business-те кассирлерге арналған қосымшаны, интернет-банкингті және POS-терминалды біріктіретін Jusan Tole атты ыңғайлы қызмет бар. Оның көмегімен төлемдерді карта, телефон және QR арқылы қабылдауға, клиенттерге қашықтан төлем шоттарын жіберуге, сондай-ақ, тауарларды кредитке және бөліп төлеу мүмкіндігімен сатуға болады.

Кәсіпкер төлейтін салықтар

Жұмыс беруші еңбек шарты бойынша өз міндеттерін орындайды: жеке табыс салығын (ЖТС) және зейнетақы жарналарын (бұл екі аударымдар қызметкер еңбекақысынан төленеді), сондай-ақ әлеуметтік аударымдар, жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлейді.

Кәсіпкер өзінің ЖК бойынша салық есебін тапсырып, таңдаған салық режиміне сәйкес бизнестен тапқан табысынан салық төлейді.

Егер ЖК-де қызметкерлер болмаса, онда ол әлеуметтік аударымдарды тек өзі үшін ғана төлейді. Ал егер қызметкерлер жұмыс істесе, онда ай сайын олардың әрқайсысының еңбекақысынан және өз қалтасынан келесі төлемдер төлейді:

  • МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары,
  • ЖМЗЖ — жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары,
  • ӘА — әлеуметтік аударымдар,
  • МӘМС — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру,
  • МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары,
  • Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС.

ЖК-ға салық салу туралы толығырақ келесі мақалаларда оқыңыз:


Заң бойынша жалдамалы жұмыс істеумен қатар бизнес жүргізуге ешқандай кедергі жоқ. Бизнеспен толық айналысу, оны дамыту және салық төлеу үшін банкте ЖК-ға бөлек шот ашқан дұрыс.