Бизнес туралы мақалалар

Қазақстандағы несие мен бөліп төлеудің айырмашылығы

Ерекшеліктері, мерзімдері, артықшылықтары мен кемшіліктері

Қазақстандағы несие мен бөліп төлеудің айырмашылығы

Мақаланың мазмұны

Бір қарағанда несие мен бөліп төлеудің айырмашылығы жоқ сияқты: екі жағдайда да клиент белгілі бір уақыт ішінде банктен алған қарызды бөліп-бөліп қайтарады. Дегенмен, бұл екі түрлі қарыздың айырмашылықтары жетіп артылады. Олардың шарттары, ресімдеу барысы мен қарыз алушының шығындарындағы ерекшеліктерін осы мақалада анықтайық.

Бөліп төлеу

Сатып алынған тауардың құнын бірден емес, бөлшектеп төлеу бөліп төлеуді білдіреді. Мысалы, тоңазытқыш 150 000 теңге тұрады. Сатып алушы оның құнын бір жылға бөліп алады. Демек, ол ай сайын 12 500 теңгені төлеуі тиіс: 150 000 ₸ ÷ 12 ай = 12 500 ₸. Бөліп төлеу кезінде қарызға үстеме пайыз қосылмайды. Сатып алушы тауардың немесе қызметтің құнын бөліп төлесе де, оны бірден пайдалана алады. Осылайша, бөліп төлеу қаржылық жүктемені азайтуға көмектеседі.

Көбінесе бөліп төлеу арқылы тұрмыстық техника, электроника немесе жиһаз сатып алынады. Сондай-ақ көптеген ұйымдар қызметтерін бөліп төлеуге ұсынады (мысалы, білім беру курстары).

Несие

Қарызға алынған ақшаны клиент банкке белгілі бір мерзімде қайтаруы тиіс. Несие де бөлік-бөлігімен төленеді, бірақ бөліп төлеуден айырмашылығы: клиент қарызға алған соманы қосымша пайыздық мөлшерлемемен қайтарады.

Несие неғұрлым ірі сомадағы сатып алулар жасауға арналған: жылжымайтын мүлік, автокөлік және т.б. Бөліп төлеуге қарағанда несиеге ақша алуға да болады — қаражатты жұмсау мақсаттары бойынша шектеу жоқ.

Төлем шарттары мен мерзімі

Несие

Несие ресiмдеу кезiнде клиент алдымен төлем қабiлеттiлiгiн растауы тиіс: табысы туралы анықтамаларды, банктен үзiндi көшiрмелердi және басқа да құжаттарды ұсынуы керек. Несие тарихы негізгі рөл атқарады. Егер бұрын клиент қарыз бойынша төлемдерді кешіктірсе, немесе төленбеген қарыздары болса, онда банк несие беруден бас тартуы ықтимал.

Кейде банктер кепіл немесе кепілгерлікті талап етеді. Құжаттарды тексеру барысы бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін.

Бөліп төлеу

Әдетте тек ЖСН мен жеке куәлік талап етіледі, кейде — қарыз алушының табысы туралы анықтама. Несие тарихы да маңызды рөл атқарады. Бөліп төлеуді ресімдеу барысы салыстырмалы түрде тезірек — 15 минуттан бір сағатқа дейін уақыт алады.

Қарызды өтеу мерзімі

Несие

Қарыз сомасы мен түріне байланысты. Өтеу мерзiмi 3 айдан 10-30 жылға дейiн болуы мүмкiн (мысалы, ипотека үшiн). Мерзім неғұрлым көп болса, ай сайынғы төлем сомасы соғұрлым аз болады. Алайда мұндай жағдайда артық төлем сомасы да үлкен болады.

Бөліп төлеу

Көбінесе қысқа мерзімге беріледі — 3 айдан 24 айға дейін. Кейбір сатушылар бөліп төлеуді ұзағырақ мерзімге ұсынады, бірақ бұл сирек кездеседі.

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Бөліп төлеу

Артықшылықтары:

  • қарыз бойынша қосымша пайыз түріндегі артық төлем жоқ
  • ресімдеудің қарапайымдылығы мен жылдамдығы
  • тауарды бірден үлкен мөлшердегі шығындарсыз сатып алу мүмкіндігі

Кемшіліктері:

  • тек тауар немесе қызметтің құнын бөліп төлеуге болады, ақша берілмейді
  • бөліп төлеу барлық тауарлар мен қызметтерге қолданылмайды

Несие

Артықшылықтары:

  • кез келген мақсатқа ірі соманы алу мүмкіндігі
  • өтеудің ұзақ мерзімі (әсіресе тұрғын үй сияқты ірі сатып алулар үшін)
  • өнімді және оның құнын таңдау икемділігі

Кемшіліктері:

  • жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен артық төлемдер
  • қатаң талаптарға байланысты ресімдеудің күрделілігі

Лайықты қарызды таңдау жолдары

Бөліп төлеу нақты бір затты сатып алу үшін тиімді: тұрмыстық техника, жиһаз, киім-кешек, электроника, туристік жолдамалар немесе курстар. Осындай салыстырмалы түрде қымбат емес сатып алулар үшін бөліп төлеу ұсынысы артық төлемдерді болдырмаудың жақсы тәсілі болып табылады.

Несие бөліп төлеуден неғұрлым әмбебап. Ол ірі шығындар жасауға қолайлы: жылжымайтын мүлік, автокөлік немесе үй жөндеу. Бөліп төлеумен салыстырғанда, несиеге алынатын тауар немесе қызмет түрін таңдауға шектеу жоқ. Ақшаны өз қалауыңызша жұмсауға болады.

 

Несие мен бөліп төлеуге алынған үлкен сомадағы қарыз бөлшектеп қайтарылады. Бұл мүмкіндік қаржылық жүктемені азайтады. Әрбір қарыздың өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Несие мен бөліп төлеу арасында таңдау жасамас бұрын, қарыз алудың мақсатына қарап, ресімдеу шарттарын мұқият зерделеу қажет.