Тақырып бойынша жарияланымдар Сауалнамалар
08 маусым 22
Санкциялық рикошет
Jusan Analytics командасы Jusan Bank клиенттері – шағын және орта бизнес өкілдері арасында сұрақ-жауап, яғни сауалдама жүргізді. Ондағы мақсат – антиресейлік санкциялардың Қазақстандағы бизнеске ықпал ету ауқымын анықтау. Оның ішінде бірқатар сұрақтар бизнестің РФ-ға қаншалықты тәуелді екендігін белгілеуге, оның кейіннен экономикалық тұрлаусыздықтың өсуіне қалай әсер ететіндігін бағалауға мүмкіндік берді.
Сауалдама 2022 жылдың мамырында өткізілді, оған Қазақстан бойынша 227 респондент-компаниялар қатысты. Олардың өңірлерге қатысты орналасуы мейлінше әрараптандырылған. Жұмыскерлердің саны тұрғысынан алып қарағанда, жауап бергендердің 44%-ы – микробизнес өкілдері. Бұл ретте шағын бизнес – 43%, орта бизнес – 10% және ірі бизнес – 3%-ды құрады. Осылайша ұсынылған іріктеу транспаренттік, яғни ашықтық сипатқа ие және болып жатқан үрдістерді шынайы көрсетеді деуге болады.
Негізгі тұжырымдар
- Сауалдама нәтижесі бизнестің РФ-ға өте тәуелді екендігін растады – 41%. РФ-мен қарым-қатынас жасайтын компаниялардың жартысынан астамы басқа серіктестерге ауыса алмайды;
- Антиресейлік санкциялар отандық бизнеске жағымсыз ықпал етеді: сатып алу бағалары өседі, банк аударымдары мен тауар жеткізу бойынша қиындықтар туындайды;
- Қазақстанда ресейлік тауарларға деген сұраныс көлемі сақталған жағдайда сауда арналары арқылы инфляция да импортталады. Жауап берген компаниялар сұраныстың төмендемейтінін растады;
- Бизнес санкциялық шоктан кейін төлемдер мен аударымдарға қатысты мәселелер туындағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта банктік бизнес-үдерістерді қарастыра отырып, біз мұндай мәселенің жоқ екендігіне көз жеткіземіз. Егер ЕДБ тез арада қайта бағдарланып үлгермегенде, мұндай мәселелер тауар жеткізу тізбегінің ұзарып кетуіне әсер етуі мүмкін еді;
- Отандық бизнес сыртқы факторларға – әсіресе валюта бағамының құбылмалылығына мейлінше тәуелді. Бұдан кейін ішкі, операциялық факторларды айтуға болады;
- Жауап бергендердің 37%-ы өндіріс қысқарады деп күдіктенеді. Әрине, бұл ішкі экономикалық құлдырауға немесе сұраныстың азаюына емес, өндіріс пен жеткізу тізбегінің бұзылуына және оның ұзартылуына тікелей байланысты;
- Қазақстандық бизнес өзінің тауарлары мен көрсететін қызметтерінің бағасын көтеруді жоспарлауда. Қазіргі жағдайда бұл бизнестің маржиналдылықты қолдау мақсатында қабылдаған ең оңтайлы шешімі. Әкімшілік реттеу енгізілген жағдайда бизнес өндірісті қысқартуға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде ЖІӨ-нің өсу қарқынының едәуір төмендеуіне және қанағаттандырылмаған сұраныстың, бағаның өсуіне әкеп соғуы мүмкін;
- Бизнес алдағы 3 айда бағаны орта есеппен 5.36 пайыздық тармаққа көтеруді жоспарлауда. Атап айтқанда, түпкі тауарларды сатушы компаниялар – 6.52 п.т., шикізат пен тауарларды одан әрі қайта өңдеу үшін сататын компаниялар – 5.57 п.т. және қызмет көрсететін компаниялар – 3.3 п.т өсірмек ниетте.
Біржолғы зерттеулер
СауалнамаларВладислав Туркин