Қазақстанның автомобиль нарығы: сапалы және арзан автолардың жетіспеушілігі басты назарда
Автомобиль көлік құралы ретінде уақытты үнемдеуде және еңбек өнімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Автомобиль нарығының жай-күйі жанамалай болса да елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайды.
Қазақстанда 2023 жылдың 1 қаңтарына қарай шамамен 3.9 млн жеңіл автомобиль тіркелген. Соңғы 20 жыл ішінде автокөлік саны 3 есеге өскен. Одан басқа, елімізде шетелдік нөмірлері бар автомашиналарды көптеп кездестіруге болады. Негізінен бұл автокөліктерді Қазақстан азаматтары басқарады.
Біз бұл жұмысымызда автомобиль нарығын талдап шықтық. Мақсаттарымыздың бірі – шетелде тіркелген автомашиналардың пайда болу себебін анықтау болатын. Оның үстіне, елімізде биыл қаңтардың соңынан 1 шілдеге дейін Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыру үдерісі жүріп жатыр.
Тіркелген автомобильдердің негізгі бөлігінің айдалғанына 10 жылдан асқан. Олардың үлесі жеңіл автокөліктердің 70%-дан астамын құрады. Шамасы бойынша екінші санатта шығарылғанына 7 жылдан жоғары, бірақ 10 жылдан аспайтын автомобильдер құрайды. Өйткені автомбильдердің дәл осы санаты негізінен импорт және өндіріс арқылы толықтырылады.
Қазақстанның автомобиль нарығы қалай қалыптасты?
Отандық автомобиль нарығын машиналармен толықтыру әдеттегідей әлемдік үрдіс бойынша импорт және отандық өндіріс есебінен толықтырылады. Осы факторды біз өткенге шолу жасай отырып, 2005 жылдан бастап қарап шықтық.
Қазақстанда автомобиль өндірісінің көлемі 2010 жылға дейін мардымсыз болып келді – жылына 2-3 мың ғана автокөлік шығарылатын – нарық негізінен импорт есебінен толығып отырды. Шарықтау шегіне жеткен кез: 2006 және 2007 жылдары болды. Бұл кезеңде импорт жылына шамамен 400 мың автомобильді құрады. Олар негізінен айдалғанына 10 жылдан асқан, Германия мен Жапониядан әкелінген көліктер болатын.
2008 жылы елімізге оң рөлді автомобильдерді әкелуге тыйым салынуына байланысты нарыққа шетелден көлік жеткізу көлемі төмендеп кетті. Алайда ұсыныс тез қайта қалпына келді: Қазақстанға АҚШ-тан, айдалғанына 5-7 жыл болған көліктер жеткізіле бастады.
2010 жылдан бастап, Қазақстан Кедендік одаққа мүше болып енген соң, импорт тарапынан «10 жыл және одан жоғары» деген санат бойынша елімізге автокөлік жеткізу тоқтатылды. Елге мұндай көліктерді әкелу тиімсіз болып қалды. Өйткені оларға қатысты кедендік баж салықтары және басқа да түрлі техникалық регламенттер қатаңдатылды. Осы кезеңнен бастап, Қазақстан нарығын «10 жылдан жоғары» санатындағы көліктермен толықтыру ел аумағында бұрыннан бар, ескі автомобильдер арқылы ғана жүзеге асырылды.
2014-2015 жылдардағы жағдайларды ерекше атап өтуге болады. Бұл кездері теңге/рубльдің көп жылдық барабарлығының бұзылуына байланысты (1 рубль үшін 5.5 теңгеден 2.3 теңгеге дейін) Ресейден елімізге біршама төмен бағамен жаңа және ескі автомобильдер көптеп жеткізілді. Ресми автосалондар да бұл кезеңде Ресейден автомобильдер жеткізіп, оларды кейін бірнеше жыл бойы сатып келді. Осыған байланысты кейінгі жылдары ресми сатылым көлемі нақты импорт пен өндіріс көлемінен асып түсіп жатты.
2016 жылы бастапқы тіркелу ақысын және кәдеге жарату алымы енгізілген соң, шығарылғанына 3 жылдан асқан көліктерді елге әкелу қымбатқа түсті. Осы кезеңнен бастап, Қазақстанның автомобиль нарығы негізінен отандық өндіріс немесе жаңа автокөліктерді импорттау есебінен толықтырыла бастады.
Сатылымдар бағаға қалай әсер етіп жатыр?
Нарықта сатылымның ең маңызды өлшемшарттарының бірі әрине, автомобильдердің бөлшек саудалық бағасы екені айдан анық. Айталық, 2006-2007 жылдары еліміздің автомобиль нарығы орташа бағасы 3-5 мың доллар тұратын автокөліктермен (ағымдағы бағамы бойынша 1.3-2.2 млн теңге) рекордтық көлемде толықтырылды – жылына шамамен 400 мың автомобиль жеткізіліп отырды. Бұл шамамен қазіргі кезде шығарылғанына «10 жыл және одан жоғары» санатындағы автокөлктерге деген сұранысқа сәйкес келеді.
Одан әрі автомобильдің бағасы 15-20 мың доллар болған жағдайда (ағымдағы бағам бойынша 6.7-8.9 млн теңге) сұраныс 2 есеге жуық қысқарып кетеді екен. Сөйтіп жылына бар болғаны 150-200 мың бірлікті құрайды.
2016 жылы бағалардың өсуі салдарынан ішкі нарықты толықтыру елеулі түрде қысқарып кетті – импорт пен өндіріс жылына 79 мың автомобильді құрады (орташа деңгейден айтарлықтай төмен). Осы кезеңнен бастап, импорттың бағасы Қазақстанда жасап шығарылатын автокөліктердің бағасы теңесті деуге болады: шамамен 7.5-9.5 млн теңге (16-20 мың доллар).
Қайталама нарықта жағдай қалай?
Қазақстанда жаңа автомобильдерді сату көлемінің өте төмен болуы және олардың қымбаттылығы қайталама нарықта барлық санаттағы азаматтардың сұраныстарын лайықты көлемде қанағаттандыра алмайды. Осыған байланысты сатып алу-сату мәмілелерінің 60%-ы бұрын айдалған және шығарылғанына 10 жылдан аспаған автокөліктермен жасалады. Нарықта әрі сапалы әрі арзан автомашиналардың тапшылығы байқалуда. Өйткені 2016 жылдан бері нарықтың дәл осы сегменті импорт арқылы толтырылудан қалды.
Автокөлік сату туралы хабарландырулар жарияланатын сайтта біржолға шамамен 170 мың автомобиль сатылымға қойылады. Олардың шамамен 65%-ы – айдалғанына 10 жылдан асқан көліктер.
Атап өту керек, сатылымға ұсынылған барлық автокөліктердің 20%-ы кедендік тұрғыда тазартылмаған, яғни олардың тіркеу нөмірлері шетелдік, көбінесе ЕЭО елдері. Олардың басым бөлігі 10 жылдан асқан автомобильдерге жатады. Бұл деректерді статистикалық тұрғыда экстраполяциялайтын болсақ, Қазақстанда мұндай автомобильдердің саны шамамен 500 мыңға тақау. 2014-2021 жылдар аралығында тіркелген, «10 жыл және одан жоғары» санатындағы автокөліктер шамамен осынша көлемге қысқарды.
Қайталама нарықта кедендік бақылаудан өтпеген, кедендік баж салығы төленбеген автомобильдердің көпшілігі Toyota мен Lada. 1980-2010 жылдары шығарылған автомобильдердің ішінде олардың алар үлесі сәйкесінше 24% және 54%. Демек, Lada автомобильдерінің жартысы Қазақстанның емес, шетелдің тркеуінен өткендер.
Қайталама нарықтың келешегі
Бірнеше жылдан бері ресми сату арналары арқылы негізінен Өзбекстанда және Кореяда жасалған кішігірім автокөліктер – еуропалық жіктелім бойынша В және С сыныптары сатылып келеді. Сәйкесінше бірқатар уақыттан кейін, елдердің ұсталған автокөліктер нарығында негізінен айдалғанына 10 жыл және одан жоғары болған кішігірім автокөліктер және 30 жылдан асқан аралас-құралас автокөліктер сатылуы мүмкін.
Қызықты фактілер:
- зауыттан шыққанына 20 жыл болған Toyota-ның бағасы су жаңа Chevrolet-тің бағасымен бірдей.
- Mercedes-Benz және Volkswagen автомобильдері қайталама нарықта өте танымал және олар жаңа автомобильдер сегментінде сатып алынбайды десе де болады. Осы ретте бұл маркалардың ең танымла модельдерінің шығарылған уақыты 30 жыл және одан да жоғары уақытты алады.
- Lada қайталама нарықта автомобильдерді сату бойынша 2-ші орында келеді. Бірақ ол бағасы арзандау болса да бастапқы нарықта бағасы екі есе жоғары болатын (мысалы, Toyota) басқа маркалы автокөліктердің сатылымына мүлдем ілесе алмайды.
Нарықтан шығарылу
Жоғарыда атап өткеніміздей, отандық автомобиль нарығы 2010 жылға дейін негізінен айдалғанын көп болған автокөліктермен толығып келді. Алайда олардың табиғи ескіруіне байланысты автомобиль нарығы жыл сайын жаңа машиналармен толығып отырса да, тіркелген көліктердің саны жыл сайын қысқара берді. Бұл автокөліктің қолданыстан тез шығарылатындығын білдіреді. Айталық, 2014-2021 жылдар аралығында тіркелген автомобильдердің саны 200 мыңға азайды. Ал бұл жылдары нарыққа жаңадан шамамен 800 мың авто келіп түскен.
Бұл ретте 2022 жылы тіркелген автомобильдердің саны 3.96 млн болды. Бұл 2014 жылғы ең жоғары көрсеткішке жақын. Бұл жылы елімізде тіркелген автомобильдердің саны 4 млн болған еді. Алайда Қазақстанның жалпы автомобиль нарығын барлық жастық санат бойынша толықтыру әлі де қанағаттанарлық деңгейде емес. Осылайша автомобильдердің айналымнан шығуы оны толықтырудан басып озып жатыр.
Негізінен «10 жылдан асқан» автомобильдер пайдаланудан көптеп шығарылып жатыр. Бұл санаттағы автокөліктер 2014 жылдан 2021 жылға дейін 500 бірлікке қысқарды.
Нарық 10 жылдан кейін
Осылайша жүргізілген талдауға сүйенер болсақ, біз белгілеген үрдістер сақталар болса, 10 жылдан кейін нарық мынадай көріністе болады (инфографиканы қараңыз).
Тимур Дауранов
Аға талдаушыҰқсас жаңалықтар
Ең пайдалы ақпарат таратылымына жазылыңыз