Ғаламдық инфляцияға қатысты жағдай қалай болып жатыр
Әлем әлі де көтеріңкі бағалық қысым кезеңін бастан кешуде. 2022 жылдың басында басталған халықаралық қақтығыс өзара санкциялар жариялауға және көптеген сауда байланыстарының үзілуіне себеп болды. Одан кейін нарықтық күштердің теңгерімі бұзылды. Бұл сатылатын негізгі тауарлар, шикізаттар және көрсетілетін қызметтер бағаларының жоғарылап, өздерінің тарихи орташа мәндерінен де асып кетуіне әкеп соқты. Нарық мұндай жағымсыз жайттерді қанша жерден сіңіргенімен, қауіп-қатерлер күшейе түсті. Сәйкесінше экономикалық агенттердің көңілі құлазыды. Келіп түсіп жатқан ақпараттарға байланысты олардың әрекеттерінде қызбалық сипат белең ала бастады.
Бағалар құбылып, шектен тыс қымбаттай бастаған соң, алдыңғы қатарлы орталық банктер ақша-несие саясатын қатаңдату бойынша шаралар қолдануға мәжбүр болды. Әйтпесе олар алғашқы кезде мұның уақытша жағдай екендігін және оған аса мән берудің қажеті жоқ екендігін мәлімдеген болатын. Сол себептен инфляцияға қарсы шаралар дер кезінде қабылданбады. Соның себебінен тез арада пайыздық мөлшерлемелерді батыл түрде көтеруге тура келді. Осылайша қысқа уақыт ішінде базалық мөлшерлемелер бірнеше ондаған есе рет жоғарылатылды.
Бір жылдан кейін, дамыған елдерде ақша-несие саясаты трансмиссиясының пайыздық арнасының тиімділігі және жүргізіліп жатқан саясаттың мейлінше тәуелсіздігі, сондай-ақ жабдықтау және өндіріс тізбектерінің біртіндеп қайта қалпына келуі арқасында бұл елдердің экономикасында бағалық қысым біртіндеп төмендей бастады. Қуат беруші тауарлар бағасының төмен болуы да тұтыну бағаларына түсетін салмақты азайта түседі. Алайда тежеуші монетарлық шарттардың ұзақ уақыт сақталуы іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әкеп соқты – нарықтық ұсыныс тарапында тағы да есеңгіретулер орын алды және ғаламдық тауар және қаржы сынды нарықтарда жоғары турбуленттілік пайда болды.
Тұрақсыз бағалық болжамдардың және басқа да ерекше факторлардың болуы да айтарлықтай жағымсыз әсер етті. Нәтижесінде бағалық қысым аздап қана түсе бастады. Қазір оның деңгейі сарапшылар және кәсіби талдаушы-экономистер жасаған болжамдардан да төмен. Сол себептен орталық банктер экономиканың дамуына қауіп төндірсе де пайыздық мөлшерлемелерді табанды түрде көтере берді. Қазір орталық банктерге оңай емес. Олар сын-қатерлерді, сәйкесінше әлемдік экономикалық ортаның құбылмалылығының артуын ескеріп, бағалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттілігі мен экономиканың тұрақты дамуына төнетін қауіп-қатерлер арасында тепе-теңдік сақтауға мәжбүр болуда. Пайыздық мөлшерлемелерді көтеру шарасы одан әрі жалғасуда. Бірақ қазіргі орын алған жағдай қауіп-қатерлердің аяқ алысына және мониторингісін мұқият бақылап, талдауды талап етеді.
Елдердің ерекшеліктеріне келер болсақ, дамыған елдер бағалық тұрақсыздықпен анағұрлым сәтті күресуде және оның үстіне оларда инфляциялық триггерлер біршама өзгеше. Егер көптеген дамыған елдерде инфляция экономиканың ысынуы себебінен өскен болса, дамушы елдерде валютаның құнсыздануы (инвестицияның азаюы және кредиттік рейтингтің төмендеуі) және бағалық болжамдардың әрі қарай тұрақсыздануы инфляцияның өсуінің негізгі себептеріне айналды. Айта кетелік, бағаға қатысты болжамдардың тұрақсыздануы бағаның өсуіне және жалақыны көтеру бойынша талаптардың туындауына әкеп соғады. Дамушы елдердің көпшілігі ағымдағы мульти дағдарысқа дейін-ақ құбылмалы айырбас бағамы режіміне өткен болатын. Бірақ оларда ақша-несие саясатын өз бетімен жүргізу мүмкіндігі шектеулі. Ал ірі ОБ батыл әрекеттері олар үшін жағымсыз жағдай. Өйткені мұндай кезде қарыз алу бағасы өседі, валюта бағамына салмақ түседі және импорт қыматтайды. Осылайша дамыған және дамушы елдер арасындағы теңсіздік алшақтай түседі.
Ғаламдық инфляциялық ортаға мұқият талдау жүргізу мақсатында 129 мемлекет таңдап алынды (бұл іріктемеге 2023 жылдың мамырындағы инфляция бойынша статистикасы бар елдер енгізілді). Олардың 60%-ы инфляциялық таргетту режімін ұстанады. Инфляция бойынша таргеті бар елдердің 80%-ында 2023 жылдың мамырында бағалардың нақты өсу деңгейі мақсатты деңгейден асады. Елдердің 11%-ында (Армения, Беларусь, Грузия, Ресей, Қытай, Вьетнам, Таиланд, Танзания және Коста Рика) бағалардың нақты өсімі таргеттен айтарлықтай төмен. Мысалы, Армения, Беларусь және Грузия Ресейдегі экономикалық жағдайға бейім келеді. Өйткені олар Ресейден жасалатын ақша аударымдарына тәуелді. Ал бұл тәуелділік геосаяси қақтығыс барысында күшейе түсті. Міне, осы елдер осындай тәуелділіктің салдарынан Ресейдегі дағдарыстық жағдайды бастан кешуде. Қытайда инфляция төмен бағытта жылжуда. 2023 жылдың жазында ол дефляцияға өтіп кетуі әбден мүмкін. Қытай тауарларын экспорттау көлемінің бәсеңдеуі және тұтынушылық сұраныстың сылбырлығы ұсыныстың молдығын білдіреді. Ал бұл экономикада дезинфляциялық ортаны тудыратыны белгілі. Жалпы осы елдердің уәкілетті органдарының пікірінше инфляцияның таргет деңгейінен төмен қалыптасуы экономиканың дамуы үшін баға өсімінің ең жағымды деңгейі болып табылады. Бірақ мұны қалай болғанда да жағымды сигнал деп айта алмаймыз.
2023 жылдың соңына қарай инфляциялық ортаның жай-күйіне қатысты болжамдар
Бағалар өсімінің нақты серпіні монетарлық реттеушілердің болжамдарына сәйкес келген жағдайда инфляциялық таргеттеуді ұстанатын елдердің көбісі 2023 жылдың қорытындысы бойынша бағалық тұрақтылыққа бәрібір қол жеткізе алмайды (82%). Жыл қорытындысы бойынша инфляциясы таргеттен төмен елдердің (іріктеменің 24%-ы) экономикасы өз әлеуетінен анағұрлым төмен деңгейде дамитын болады. Ал инфляциясы таргеттен асатын елдер монетарлық шарттардың салдарын бастан кешеді. Бұл шарттар іскерлік белсенділікті тежейтіні белгілі.
Кейбір дамушы елдерде инфляция таргеттен төмен қалыптасуда. Өйткені тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушілер сұраныстың қысқаруына тап болуда. Сол үшін де бағаны қанша өсіргісі келсе де, әрі қарай өсіре алмайды. Сол үшін тұралауды немесе сұраныстың төмендеуін еңсеру үшін олар сұраныстан айырылып қалмау мақсатында бағаны төмендетуге мәжбүр болуда. Бұл экономиканың нақты секторының залалдылығына, жұмысссыздықтың өсуіне, табыс пен тауар шығарылымының төмендеуіне әкеп соғады. Осылайша орын алып жатқан жағдай көп алаңдаушылық туғызады және ғаламдық экономикада теңгерімсіздіктің күшейіп жатқандығын білдіреді. Бұл тезисті тауарлардың ғаламдық саудасының қысқаруы дәлелдей түседі. Бұл ретте жалпы әлемдік сауда көлемі экономикалық шарттардың нашарлағанына және айқынсыздықтың өскендігіне қарамастан қызметтер көрсету секторының арқасында өсіп жатыр. Ал қызметтер көрсету секторының құбылмалылығы жоғары және тұрақтылығы төмен. ИНКТАД зерттеулеріне сәйкес байқалып жатқан ғаламдық құлдырау АҚШ үшін 17 трлн долларға түседі. Ал бұл әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 20%-ын құрайды. Табыстары төмен, нарығы енді қалыптасып жатқан елдердің көпшілігі қазір борыштық дағдарыс пен өмір сүру деңгейі дағдарысына тап болу қаупі алдында тұр.
Іріктемедегі мемлекеттердің бар болғаны 18%-ы ғана (17 ел) 2023 жылдың қорытындысы бойынша таргеттелген деңгейге жетеді. Олардың ішінде үш ел (Парагвай, Индонезия және Бразилия) қазірдің өзінде мақсатты ауқымға енді. Бұл елдердегі экономикалардың құрылымы мен даму деңгейін ескеретін болсақ, оларда бағалардың өсу қарқынының төмендеуі сұраныстың азаюынан болуы мүмкін. Яғни инфляция таргет деңгейінен төмен қалыптасады деген сөз. Әлемнің алдыңғы қатарлы экономикаларында биыл 2023 жылы бағалық жағдаяттың жақсаруы және инфляциялық таргетке ену биыл күтілмейді. Өйткені ақша-несие саясатының лагын жүзеге асыру үшін уақыт керек.
Осылайша нарығы енді қалыптасып жатқан дамушы елдердегі бағалық қысымның әлсіреуін бақылауға алынған деп, ал дамыған елдердегі дәл осындай жағдайды жалпы экономикалық ахуалды тұрақтандыруға жеткілікті деп сипаттауға болмайды. Сондықтан ағымдағы ғаламдық инфляциялық орта әлі де пайыздық мөлшерлемелерді белсенді түрде өзгертуді талап етуі мүмкін. Жетекші халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдары өзгермеді және олар бойынша инфляция бұған дейінгі болжамдарға қарағанда едәуір баяу төмендейтін болады. Инфляцияның өзі қазір көп алаңдаушылық туғызады. Өйткені қауіп-қатерлер жетерлік. Олар оң үрдісті әп-сәтте бүлдіруі мүмкін. Ғаламдық инфляциялық ортаның толыққанды тұрақталуын қазір емес, 2024 жылдың басынан бастап күткен жөн.
Ақша-несие саясатының шектеуші шараларына қарамастан, еңбек нарығы мен іскерлік белсенділік әлі де орнықты. Демек бағалық қысым сақталуы және олардың аса құбылмалы болуы әбден мүмкін. Нарығы енді дамып жатқан көптеген елдер өзінің және сыртқы қаржылық шарттардың қатаңдатылуын еңсеріп жатса да, олар қаржылық дағдарыстар қаупі алдында тұр. Бұл дағдарыстар макроэкономикалық ортаны бір сәтте тепе-теңдігінен айыруы мүмкін. Инфляцияға қарсы күрес жолындағы жетістік геосаяси шиеленістерге және инфляциямен күресуге байланысты тәуекелдердің қай бағытта жүзеге асуына байланысты болады. Сонымен қатар барған сайын күш алып жатқан ғаламдық ESG тәртібі сұраныстың құрылымы мен тұтынушылық ықыласқа өзгерістер енгізеді. Бұл әлемдік экономиканың жекелеген секторларында бағаның өсуіне әкеп соғуы мүмкін. Монетарлық саясаттың бұл факторлардың инфляцияға әсерін бақылау қабілетінің шектеулі екендігін ескере отырып, салық-бюджеттік саясаттың бағалық жағдаятты бақылауда ұстауда маңызды рөл ойнауына мүмкіндік беру қажет. Үкімет инфляциямен анағұрлым тиімді күресу үшін және халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында қарсыциклдік салық-бюджет саясатының артықшылықтарын пайдалануы тиіс және пайдалана алады да. Қарсыциклдік фискалдық саясатпен қамтамасыз етілген сұраныс пен ұсыныс күштерінің қайта теңгерімі бағалық қысымды ұстап тұруға және нарықтық ортаны тұрақтандыруға, сондай-қ тұрақты экономикалық өсімге жағдай жасауға көмектеседі.
Айжан Әлібекова
Аға талдаушыҰқсас жаңалықтар
Ең пайдалы ақпарат таратылымына жазылыңыз