Дауыс көмекшісі

kk
Қазақша
Русский
English
location

Қазақстан экономикасы: фактілер және 2023 жылға болжам

Таяуда Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов Қазақстан экономикасының 2023 жылғы қаңтардағы даму көрсеткішін жариялады – экономиканың нақты өсімі 5.6%-ды құрады.

Экономиканың бұлайша айтарлықтай өсуіне негізінен көрсетілетін қызметтер секторы (+7.6%) үлес қосты, тауар өндірісі секторы да өсті (+2.3%). Жалпы экономиканың барлық негізгі секторларында оң серпін байқалады.

Өткен жылмен салыстырғанда сауда (+19.4%) және байланыс саласында (+18.1%) айтарлықтай өсім тіркелді. Мұны көп жағдайда базаның «Қаңтар» оқиғасына байланысты төмен болғандығымен түсіндіруге болады.

Нақты секторда ең жоғары өсімді құрылыс саласы көрсетті – 12.5%.

Мұндай нәтижеге негізгі капиталға жұмсалатын инвестицияның артқандығы, бірқатар құрылыс жобаларының тұрғын үй саласына берілуі және бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқандығы арқасында қол жеткізілді.

Тау-кен өндіру саласының оң аймаққа өтуі (+1.2%) және өңдеуші саланың (+1.6%) бір қалыпты өсіп жатқандығы аясында өнеркәсіп саласы да 1.4%-ға өсті.

Экономиканың қазіргі даму серпіні болжамды көрсеткіштерімізден асып түсті. Оның алдағы даму траекториясы енді көптеген қауіп-қатерлердің қысымында болады. Атап айтар болсақ: геосаяси ахуалдың ушығуы, бағалардың құбылмалылығы, әлемде инфляциялық қысымның күшею және орталық банктердің монетарлық саясатты қатаңдатуы.

Бұл жағдайда Үкімет экономикаға қолдау көрсету мақсатында тиісті шараларды жүзеге асырады. Нәтижесінде алдағы дамудың негізгі драйверлері, яғни қозғаушы күштері мыналар болмақ:

  • фискалдық ынталандыру;
  • инвестициялық бағдарламалар мен бастамалардың көбеюі;
  • негізгі капиталға инвестиция салуды арттыру;
  • тау-кен өндірісі секторының толығымен қайта жаңғыруы;
  • Қазақстанда өндірілген тауарлардың, оның ішінде мұнай бағасының жоғары болуы және оларға деген сыртқы сұраныстың тұрақтылығы;
  • жаңа тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру және баға қалыптастыру механизмдерін жетілдіру есебінен құрылыс саласының өсуі;
  • тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге деген сұраныстың бірқалыпты өсуі сауда саласының дамуына оң әсер етеді.

Осылайша экономикада жаңа есеңгіретулер орын алмайтын болса, 2023 жылдың соңына қарай ЖІӨ-нің 3.8-4.3% деңгейіне дейін өсетіндігін күтеміз.

Клара Сейдахметова

Аға талдаушы

Ең пайдалы ақпарат таратылымына жазылыңыз