Дауыс көмекшісі

kk
Қазақша
Русский
English
location

Валюта жетілігі (2023.03.07-05.07)

Өткен қысқа апта ішінде валюта бағамы 1 доллар үшін 444 теңгеге дейін нығайды. Теңгенің бұлайша нығаюын ішкі факторлармен, бірінші кезекте жоғары базалық мөлшерлеменің сақталуымен түсіндіруге болады. Базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейінде ұстап тұру отандық валютаға және теңгелік инвестиция құралдарына деген сұранысты сақтауға көмектеседі. Бұған халық арасында шетел валютасына деген сұраныстың төмен екендігі дәлел бола алады. Маусымдық факторға қарамастан, мамыр айында валюта айырбастау пункттерінде шетел валютасына деген сұраныс 102.5 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2 есе төмен. 

Ұлттық Қордан жасалатын трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату шарасы да теңге бағамын нығайтуға серпін беруде. Шілде айында валютаны 550-600 млн доллар ауқымында сату жоспарланған. Осы айда жұмыс күндері санының қысқаратындығын ескеретін болсақ, күн сайынғы сатылым көлемі арта түсетін болады. Бұл да теңге бағамын нығайта түсері анық.

Сыртқы экономикалық факторлардың әсері бірмәнді болған жоқ. Бұл ішкі факторлардың әсері сыртқы факторлардан басым болғанын білдіреді. Доллар индексі апта ішінде 103.4 пунктке дейін өсті. ФРЖ жариялаған «минуткасы» алдағы айларда мөлшерлеменің одан әрі көтерілетіндігін көрсетеді. Мұндайшешім қабылдауға инфляцияның өте баяу төмендеуі және АҚШ еңбек нарығының тым ысынып кеткендігі себеп болды. Алайда жұма күні жұмыспен қамту нарығы бойынша жарияланған есеп сағаттық жалақының 0.4%-ға (болжам 0.3%) өскендігін көрсетеді. 

Мұнай бағасы бір баррель үшін 76.5 доллар деңгейінде сақталды. Ал апта соңында бір баррель үшін 78.5 долларға көтерілді. Аптаның басында мұнай бағасы негізінен Сауд Арабиясы тарапынан мұнай өндіру тәулігіне 1 млн баррельге қысқартылатындығы туралы жаңалықтың есебінен өсті. «ФРЖ базалық мөлшерлемені көтеруі мүмкін» деген қауіпке қарамастан, өндіруді қысқарту туралы жаңалық мұнай бағасының өсуіне негіз болды. Жалпы Қытай экономикасының қалпына келуіне қатысты жағымсыз жаңалықтар аясында мұнай нарығында тұрақсыздық сақталуда. Бұған дейін Қытай Халық Банкі тұтынушылық сұранысты қалпына келтіру үшін кредит бойынша біржылдық базалық мөлшерлемені 3.55%-ға дейін, ал бесжылдық мөлшерлемені 4.20%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдаған еді. Алайда енді тұтыну бағасының индексі мен өндірушілердің бағалар индексі төмендейді деп болжануда.

Рубль бағамы барған сайын әлсіреп жатыр. Апта соңында ресейлік валютаның бағамы бір доллар үшін 91.25 рубльге дейін әлсіреді. Негізгі фактор – бюджетке қатысты жағдай. Бюджет тапшылығы жағдайында үкімет өз валютасын құнсыздандырып, резерв жинақтауда және экспортталатын тауарларға сұраныстың артатындығын күтуде. Тағы бір фактор – Ресейден капиталдың жылыстауы. Ресейдегі ішкі саяси дағдарыс жергілікті азаматтар арасында да, әлі Ресей нарығынан кетпеген шетелдік инвесторлар арасында да күмән тудыруда. Мұндай жағдайда ең қолайлысы Ресейден бүкіл капиталды қауіпсіз аймаққа шығару болып тұр.

Түптеп келгенде біз жоғарыда келтірілген ішкі факторлардың әсерінен теңгенің әрі қарай нығаятындығын күтеміз. Алайда айдың соңына қарай нарыққа қатысушылардың артық үмітшілдігінің буы басылған соң, теңге бағамы тағы да түзетіледі деп ойлаймыз. Теңгегег еңбек демалысы маусымы кезінде шетел валютасына деген сұранысты өсетіндігі секілді маусымдық фактор және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ақшалай түсімдерінің міндетті түрде теңгеге айырбасталатын бөлігінің қысқаруы әсер ететіен болады. Біздің жаңартылған болжамдарымыз бойынша шілдеде теңге бағамы бір доллар үшін 450-466 теңге ауқымында болады.

Тақырып туралы толық мағлұматты төмендегі құжаттан оқыңыз

Сұнғат Рысбек

Талдаушы

Ең пайдалы ақпарат таратылымына жазылыңыз