Валюта жетілігі (2023.10.05-12.05)
Ұзаққа созылған демалыс күндерінен кейін теңге аздап әлсіреп, бір доллар үшін 446 теңге деңгейінде жабылды. Бұл ретте теңге индексі 0.1%-ға өсті. Мұндай серпін ұлттық валютаның рубльге (-0.34%) және еуроға (-0.9%) қатысты нығайғандығына байланысты орын алғандығын білдіреді. Атап өту керек, теңге апта ішінде сыртқы экономикалық факторларға, дәлірек мұнай бағасының түсуіне және доллар индексінің нығаюына мойын бұра бастады.
Доллар индексі 1.5 пунктке нығайды. АҚШ-та сәуір айындағы инфляция бойынша статистика бағалардың өсуі сақталғандығын көрсетеді. Сәуір айында Тұтыну бағаларының индексі +0.4%-ды құрады (наурызда +0.1%). Инфляцияның мұндай жоғары деңгейде сақталуы ФРЖ-ға базалық мөлшерлемені әрі қарай көтеруіне ықпал етеді. Басқа жағынан алып қарағанда, АҚШ-та жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға берілген өтінімдер саны 242 мыңнан 264 мыңға дейін өсті (болжам 245 мың болған еді). Бұл АҚШ экономикасының бәрібір рецессияға түсіп бара жатқандығын білдіреді.
АҚШ-тың экономикасы туралы жағымсыз жаңалықтар мұнай бағасына да әсер етті. Ол бір баррель үшін 74 долларға дейін түсіп кетті. Осы ретте аптаның басында мұнай бағасы өскен еді. Өйткені оған мұнай бұрғылау қондырғыларының азайтылғаны туралы жаңалық әсер етті. Алайда аптаның ортасынан бастап, мұнай бағасы орта есеппен 1.4%-ға төмендеді. Төмендеуге Қытай экономикасының көрсеткіштері тұрткі болды. Мұнайдың жыл басынан бері өсуі негізінен «Қытай локдауннан шыққан соң, мұнайға деген сұранысты арттырады» деген болжамға байланысты болды. Өйткені Қытай әлемдегі ең ірі мұнай импорттаушы ел. Алайда қаңтар-сәуірдегі сауда теңгерімінде импорттың 7.3%-ға төмендеп, экспорттың 2.5%-ға өскендігі көрсетілген.
Ресейлік валютаның бағамы аздап әлсіреп (+1%), бір доллар 77.9 рубльды құрады. Доллар индексінің нығаюы рубль бағамына жағымсыз әсер етуде. Рубльге Urals маркалы мұнай бағасының өскендігі және ресейлік мұнайға деген жеңілдіктің қысқаруы қолдау болды. Орташа дисконт бір баррель үшін 23.9 долларды құрады. Ал сәуір айында 26.3 доллар болған еді. Сәуір айында ресейлік мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 58.6 долларға тең болды. Атап өту керек, қазақстандық KEPCO маркалы мұнай бағасы мен Urals маркалы мұнай бағасы арасында өзара байланыс бар. Сондықтан Urals маркалы мұнайға қатысты дисконттың қысқаруы экспорттық пайданың қосымша өсуіне оң әсер етті. Бұл отандық валютаның нығаюына себеп болған факторлардың бірі.
Ендеше мамырдағы мерекелерден кейін теңге бағамы біздің болжамға сай аздап түзетіледі деп ойлаймыз. Бұдан басқа, ФРЖ, ЕОБ және Англия Банкі басшыларының мәлімдемелерін күтеміз. Өйткені олардың әңгімелері сыртқы экономикалық көрсеткіштерге әсер етпей қоймайды.
Тақырып туралы толық мағлұматты төмендегі құжаттан оқыңыз
Сұнғат Рысбек
ТалдаушыҰқсас жаңалықтар
Ең пайдалы ақпарат таратылымына жазылыңыз