Алтын дүрлікпесі
Алтын - әлемдегі ең маңызды асыл металдардың бірі. Ол бүгінде орталық банктердің резервтегі активі, капитал сақтау және қаржылық қамсыздандыру құралы ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ бірегей қасиетінің арқасында өнеркәсіпте де медицинада да кеңінен қолданылады.
Бағаға қатысты жағдай
Алтынның бағасы күн сайын өзгеретіндігіне қарамастан, ұзақ мерзімді келешекте (10 жылдан жоғары) ол тәуекелі ең төмен инвестиция деп саналады. Оның үстіне алтынның бағасы қашанда өсуге бейім тұрады. Көптеген қаржы сарапшылары алтынды қиын кездері «бас сауғалауға көмектесетін актив» деп санайды. Ол басқа акция, облигация және басқа да қаржылық активтермен салыстырғанда экономикалық құлдырау кезеңінде өзінің құнын жоғалтпайды, тіпті арттырады.
Алтынның споттық бағасы 1990 жылдармен салыстырғанда 2023 жылдың 01 маусымына қарайғы деректер бойынша 357 доллардан 1960 долларға дейін 5 есе өсті. Графикада көрініп тұрғанындай, алтынның бағасы АҚШ долларының құнсыздануына байланысты 2004 жылдан кейін күрт өсе бастады. 2011 жылы Таяу Шығыстағы халық толқулары, негізгі әлемдік валюталар бағамының тұрақсыздануы, Еуропадағы борышқорлық дағдарыс және бірқатар елдерде инфляцияның үдеуі аясында алтынның бағасы биржада жаңа рекорд жасап, тұңғыш рет бір троя унциясы үшін 1700 доллардан асты. Сондай-ақ платина бағасы да тұңғыш рет қымбаттай бастады. 2013-2019 жылдар аралығында алтынның орташа спотттық бағасы азды-көпті тұрақталып, бір троя унциясы үшін 1000-1300 доллар деңгейінде сақталды.
Алайда 2019 жылдан бастап, әлемдік экономикалық тұралау барысында алтынның бағасы сенімді түрде өсіп, 2020 жылы шілдеде короновирус пандемиясына байланысты 2011 жылғы рекордтық көрсеткішті жаңалады: бір троя унциясы үшін 1813 долларға дейін көтерілді. 2022 жылдың соңынан бері алтын бағасы одан әрі өсуін жалғастырып, қазіргі уақытта 1900 доллардан асты.
Алтынның қазіргі бағасы өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Мұның негізгі себептері – шетелдік орталық банктердің өздерінің алтын-валюта қорын толықтыруы, Еуроодақ пен АҚШ-тың банк секторындағы мини-дағдарыстардың нәтижесінде әлемдік қор және шикізат нарықтарында үрей, сондай-ақ АҚШ федералдық резервтік жүйесінің «қаршығалық» саясатының нәтижесінде доллардың әлсіреуі.
Ағымдағы жылдың сәуірінен бастап, Bank of America және Credit Suisse секілді әлемдік банктер алтынға ең тартымды инвестициялық актив баға беріп, қазір соған инвестиция жұмсауға ең қолайлы уақыт дей келе, жұртшылықты алтын сатып алуға шақырды. Ал UBS және Oanda секілді ұйымдардың талдаушылары әлемде орын алып жатқан көптеген қауіп-қатерлер керісінше алтынға деген сұранысты арттырады, ал бұл асыл метал үшін «жеңілмейтін сценарий» деп баға берді. Оның үстіне алтынның бағасы жақын уақыттарда тағы да аспандап, өзінің тарихи шекті көрсеткішін жаңартуы әбден мүмкін.
Біз өз кезегімізде талдаушылардың пікірімен келісеміз және алтынның бағасы әрі қарай қымбаттайды деп санаймыз. Осылайша асыл металдың бағасы жоғары күшінде қала бермек.
Әлемде және Қазақстанда алтын өндіру
World Gold Council деректеріне сәйкес 2014 жылдан бері алтын ұсынысы оған деген сұраныстан жоғары. Сұраныс әсіресе 2020 жылы айтарлықтай түсті. Бұл жылы коронавирус пандемиясына байланысты көптеген салалар, олардың ішінде зергерлік өнеркәсібі де жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған еді.
Бұл кезеңде алтынды пайдалану 40%-дан астамға төмендеді. Тек 2022 жылға қарай сұраныс пен ұсыныс теңесті десе де болады. Бұған орталық банктер және басқа да қаржы институттары тарапынан алтынға деген сұраныстың 2010 жылдан бері рекордтық көрсеткіш: 2.4 есеге дейін өсуі себеп болды. Бұл ретте атап өту керек, соңғы жылдары алтын өндіру секторына инвестиция қысқаруда. Өйткені 2017 жылдан кейін бірде-бір жаңа ірі кен орындары ашылған жоқ. Сол аралықта бағалық қысым әлеми сипатта өсіп жатқан соң, алтын өндірудің өзіндік бағасы да айтарлықтай өсті. Бұған бір жағы алтын кеніштерінің біртіндеп сарқыла бастауы да әсер етті. Нәтижесінде бұл алтын өндірудің әлем бойынша біртіндеп тұралап, ұсыныстың шектелуіне әкеп соғуда.
Егер жақын болашақта жаңа кен орындары ашылмаса және алтын өндіруші компаниялар тиімділікті арттыру бойынша шаралар қабылдамаса, бұл алтын ұсынысын шектеулі деңгейде қалдыруы мүмкін. Сәйкесінше сұраныс артып, бағалардың өсуі ғажап емес.
Нәтижесінде біздің тұжырымдауымыз бойынша биыл әлемдік орталық банктер өздерінің алтын-валюта қорын толықтыруды жалғастырады. Бұл жиынтығында жыл қорытындысы бойынша сұраныс ұсыныстан асып түсуі әбден мүмкін. Өйткені алтынның инвестициялық тартымдылығы арта түсуде.
Әлемде және Қазақстанда алтын өндіру
Әлемде алтынқұрамды кен орындары 120 елде табылған. Кеніште алтынның мөлшері бір тонна кенге 3.39 г. келеді. Gold Fields Mineral Services деректері бойынша алтынның әлемдік қоры 100 мың тоннаны құрайды. Ал расталғаны – 50 мың тоннаға жуықтайды. Әлемдік алтын қорының 70%-ы 10 елде шоғырланған. Олардың ішінде Қазақстан да бар (әлемдік қордың 3%-ы).
Егер алтын өндіру жұмыстары турасында айтар болсақ, 19 елде әлем бойынша өндірілетін алтынның 80%-ы өндіріледі. Қазақстан олардың ішінде 6-шы орында келеді және жалпы әлемдік алтын өндірудің 6%-ына ие. Ал алтын өндіру бойынша көш басында келе жатқан елдер: Қытай, Аустралия және Ресей. Әрқайсысына бүкіл өндірілген алтынның үштен бірі тиесілі және әрқайсысының өндіретін алтыны Қазақстаннан 2.5 есеге көп. Қалған 20%-ы басқа елдерге тиесілі.
Ең ірі кеніштер – Васильков және Бақыршық. Васильковта барланған алтын қоры – 370 тоннаны құрайды. Ал бір тонна кендегі алтынның мөлшері 2.8г. Бақыршықтағы алтын қоры шамамен 326 тонна. Ондағы алтынның мөлшері бір тонна кенде 6.9г.
Қазақстанның барлық алтын кеніштерін 3 түрге бөлуге болады:
1. Кешенді - кен орындарының шамамен 38%-ын құрайды және оларда алтын кенді игеру барысында ілеспе өнім ретінде өндіріледі;
2. Алтын кен орны немесе байырғы - бүкіл кеніштердің 60%-ын қамтиды. Олар көбінесе таулы аймақтардағы жер қыртысында орналасқан және магмалық үдерістер барысында қалыптасқан.
3. Шашыранды - бүкіл кеніштердің 2%-ына жуық. Бұл кен орындары физикалық және химиялық үгілуі, өзендердің, теңіздердің, мұздықтардың қызметі барысында қалыптасқан. Ондағы алтындар өте ұсақ түйіршіктер ретінде кездеседі.
Алтын құрамды кендерді қайта өңдеу тиімділігі едәуір дәрежеде кен орнының сипатына, сондай-ақ алтынның кендегі мөлшеріне байланысты. Қазақстандағы кендерде алтынның орташа мөлшері байырғы кендерде тоннасына шамамен 6.3г келсе, шашыранды кендерде тоннасына 0.4г келеді. Жалпы әлемде шашыранды кен орындарынан алтын өндіру арзан деп саналады. Оған шығын аз жұмсалады. Бұл ретте металды кеннен сумен шаю арқылы алуға болады. Алайда шын мәнісінде бұл әдіс бойынша жанармай көп шығындалады. Оған қоса Қазақстанда мұндай кен орындарында алтынның мөлшері аз болғандықтан, мұндай әдіс тиімсіз және қолданылмайды десе де болады.
Қазақстанда алтын өндірісі және оны пайдалану
ҰСБ деректері бойынша 2022 жылы Қазақстанда 39.4 млн тонна алтынқұрамды кен және концентрат (+19.1% ж/ж) өндірілген. Ал олардан бар болғаны 130 тонна өңделмеген және жартылай өңделген алтын алынған. Бұл оған бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 12.8%-ға жоғары.
Қазақстанда 2022 жылдың қорытындысы бойынша тазартылып шығарылған алтынның көлемі 73 тоннадан асты (+9.9%). Бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш болып табылады.
Қазақстанда ең ірі алтын өндіруші компаниялар – «Қазмырыш», «Polymetal» және «Алтыналмас». Олар елімізде шығарылатын бүкіл асыл металдардың 60%-дан астамын өндіреді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректеріне сәйкес қазақстандық аффинаждық зауыттар Лондонның металдар биржасында Good Delivery мәртебесіне ие. Бұл аталмыш кәсіпорындардағы өндірістің жоғары технологиялық сипатқа ие екендігін білдіреді. Сонымен қатар 2022 жылы RG Gold алтын өндіруші компания жаңа тау-кен металлургиялық кешенді іске қосты. Ол жылына 5 млн тоннаға дейінгі кенді қайта өңдей алады.
Қазақстанда шығарылатын алтынның басым бөлігі кейін резервтік актив ретінде пайдаланылады (бүкіл көлемнің шамамен 90%-ы). Айталық, Ұлттық Банктің деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша алтын-валюта қорының мөлшері 36.2 млрд долларға бағаланды (өткен жылмен салыстырғанда +8.1%). Олардың ішінде алтынның үлесі 58.3%-ды (бір жыл бұрын 68.7% болған) құрап, 21.11 млрд доллар болса, резервтің валюталық бөлігі 15.09 млрд доллар. Қазақстанның алтын қорының азаюы реттеушінің алтын-валюта активтерінің әртараптылығы мен теңгерімділігін арттыру мақсатында алтынды сыртқы нарықтарда сату ниетіне байланысты.
Алтынның бір бөлігі 2017 жылы Ұлттық Банк іске қосқан Тазартылған өлшеуіш алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасы аясында халыққа сатылады. Бірінші тоқсанда азаматтар 330 кг құйма алтын сатып алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға жоғары. Олардың ішінде 175 кг наурыз айында сатып алынды. Ал бұл бір ай ішінде сатып алынған ең рекордтық көрсеткіш. Сатылудың бұлайша өсуіне сол айда үш ірі америкалық банктердің банкротқа ұшырап, әлемдік қор және шикізат нарығында үрей туғызғаны себеп болды.
Одан басқа, Қазақстан сондай-ақ алтынды экспортқа шығарады: 2022 жылы 83.9 млн теңгеге 4.6 тонна алтын сатылды (2021 жылмен салыстырғанда +6.1%). Қазақстанның алтынын Қырғызстан (2.3 тонна), Ресей (2.2 тонна), Өзбекстан (0.1 тонна), Ұлыбритания және Түркия сатып алды. Осылайша экономикалық тұрақсыздық әлемдік сипатта күшейіп, инвесторлардың көбісі инвестициялаудың үйреншікті, сақтанымпаз құралын таңдап жатқан шақта, алтын бүкіл әлем бойынша ең тартымды активке айналды. Бұл өз кезегінде оның бағасына да әсер етеді.
Қазақстан үшін алтынның қымбаттауы экономиканың дамуына оң ықпал етеді. Өйткені алтын өңдеуші салада іскерлік белсенділік арта түседі.
Алайда алтын өндірісінде өнімділік, тиімділік көрсеткіштерінің төмендігі, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу, инфрақұрылымдарды жақсарту қажеттілігі мәселелерін шешу қажет. Біздің пікірімізше қазіргі уақытта Қазақстанның алтын өндіру саласы өзінің бүкіл әлеуетін, қуатын толық пайдаланып жатқан жоқ және мемлекет тарапынан қосымша қолдау көрсетуді және жаңа инвестицияны талап етеді.
Қосымша ретінде біз әлем елдерінің алтын қорын қарап шығуды жөн көрдік.
Қазіргі уақытта бүкіл әлем елдерінің орталық банктерінде 2 трлн АҚШ долларына бағаланған 31.7 мың тонна алтын бар. Бүкіл әлемдік алтын қорларының 50%-дан астамы Еуроаймақ елдеріне тиесілі. 2022 жылы әлемдік орталық банктердің алтынға жұмсаған инвестициясы 2 еседен астамға өсті. Бұған әрине, геосаяси қақтығыстардың ушығуы себеп болды. Төмендегі картада халықаралық резервтерге енгізілген алтындарының көлемі бойынша топ-15 елдің 2023 жылдың 1-тоқсанындағы деректері көрсетілген. Олардың ішінде Қазақстан – 15 орында.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Бангладеш және Хорватия әлемде алтын қорлары ең көп азайған елдерге айналса, Сингапур, Қытай, Түркия, Үндістан және Чехия керісінше өздерінің алтын қорларын барынша арттырды.
Клара Сейдахметова
Аға талдаушыҰқсас жаңалықтар
Ең пайдалы ақпарат таратылымына жазылыңыз