7 сәуір 2023
ИнфрақұрылымыҚазақстанның инфрақұрылымы: жаңғырту және жөндеу
Jusan Analytics командасы елдің базалық инфрақұрылымының ағымдағы жай-күйін талдап, сараптан өткізген болатын. Анықтағанымыздай, қазіргі инфрақұрылымның 75%-дан астамы қайта құрылымдауды немесе тіпті ауыстыруды қажет етеді.
Тұрғын үй қоры
Биыл ресми статистика бойынша жаңа тұрғын үйлерді пайдалануға беру өткен жылға қарағанда жоғары. Бұл туралы толығырақ өзіміздің жаңалықтар дайжесінде. айтқан болатынбыз. Иә, жаңа тұрғын үйлер пайдалануға беріліп жатыр. Тұрғын үй құрылысы мен ипотекалық несие беру бойынша жаңа мемлекеттік бағдарламалар енгізілуде. Бірақ соған қарамастан, тұрғын үй қорының жағдайы елімізде әлі де көңіл көншітерліктей дәрежеде емес.
Жеке және көп пәтерлі үйлердің 30%-ы бұдан 50 жыл бұрын – 1970-жы жылдары салынған. Қазақстан бойынша 1900-ден астам үй апатта жағдайда. Ал оларда 30 мыңдай адам өмір сүреді.
Жалпы, сумен қамтамасыз ету (әртүрлі абаттандыру құралдарымен жабдықталған тұрғын үй қорының бүкіл тұрғын үй қоры ауданындағы үлес салмағы) деңгейі – 98%-ды, кәрізбен – 74%-ды, орталық жылыту жүйесімен қамту – 44%-ды, орталықтан ыстық сумен қамту – 38%-ды, газбен қамту – 86%-ды құрайды.
Жолдар
Қазақстанда жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырым жол – республикалық және халықаралық маңызға ие болса, 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызға ие. Сәйкесінше бірінші жағдай бойынша нормативтік күйдегі жолдардың көлемі 91%-ды, екінші жағдайда 85%-ға тең.
Биыл ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 11 мыңнан астам автожолдарды жөндеуден өткізуді, сөйтіп жолдардың нормативтік күйін сәйкесінше 92% және 87%-ға жеткізуді жоспарлауда.
Желілер
Желілерге қатысты жағдай нашар. Электр желілерінің жалпы ұзындығы 467 мың шақырымды құрайды: 27 мың шақырымы – магистралдық болса, 274 мың шақырымы – өңірлік электр желілік компаниялардың желілері. Олардың орташа тозу деңгейі 65%-ды, бірақ кейбір өңірлерде бұл 80%-дан жоғары.
Жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы қосқұбырлы жүйе бойынша 12 681 шақырымды, оның ішінде ескіргені – 3 033 шақырымды (24%), ал 3 214 шақырымы (25%) – шұғыл түрде ауыстыруды талап етеді.
Су жеткізу желілерінің ұзындығы 98 мың шақырымды, ал кәріз желілерінің ұзындығы 17 мың шақырымды құрайды. Сәйкесінше олардың 19% және 40%-ы күрделі жөндеуді талап етеді. Кәріз тазарту құрылыстарының тозу дәрежесі орта есеппен 60%-ды, кей жерлерде 90%-ды құрайды.
Жылу электр орталығы (ЖЭО)
Қазақстанда ЖЭО жабдықтарының орташа тозу деңгейі – 66%-ды, ал қазандықтар мен турбиналардың орташа жасы – 61 жыл. Қазіргі уақытта елімізде 37 ЖЭО жұмыс істейді. Олардың 19-ы тозу деңгейі бойынша қызыл аймақта (апатты күйде) және 11-і сары аймақта.
Ең жоғары тозу деңгейі Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда және Кентау қалаларында – 80%-дан асады.
Аят Сураганов
Аға талдаушы7 сәуір 2023
ИнфрақұрылымыҰқсас жаңалықтар
Ең пайдалы ақпарат таратылымына жазылыңыз