2024 жылғы декларацияға қатысты ең жиі қойылатын 10 сұрақ
Әр түрлі жағдайларда кім нені декларациялау керек
Юлия Тё
салық кеңесшісі, аудитор, бухгалтер
Мақаланың мазмұны
2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін барлық кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары кіріс декларациясын тапсыру арқылы мүліктерін декларациялау керек. Біз оны кім және қалай тапсыратыны, оған нені жазу керектігі туралы түбегейлі мақала жаздық. Сіздер де бізге декларациялау туралы қосымша сұрақтар жібердіңіз — енді біз оларға сарапшымен бірге жауап берейік.
Декларациялау дегеніміз не
Декларациялау — ол табыс, мүлік және мүлікке байланысты міндеттемелер туралы декларация тапсыру. Жай сөзбен айтқанда, бұл сізде қандай мүлік бар екені және қанша ақша тауып, жинағаныңыз туралы мемлекеттік органдарға ресми хабарлама жіберу. Бұл ақпарат көмегімен салық органдары сіздің табысыңызды бақылайды және салықтардың барлығы төленгенін тексереді.
Нені декларациялау керек
250 СЕН кіріс декларациясында кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары шет мемлекетте тіркелген барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, сондай-ақ шетел банктеріндегі шоттарын декларациялау керек.
Қазақстанда орналасқан активтер ретінде қолма-қол ақша, үлескерлік қатысу келісімшарты негізінде алынған тұрғын ғимараттағы үлес, бағалы қағаздар, инвестицияланатын алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, қарыздар және өз еркіңізбен жазылған басқа да мүлік көрсетіледі. Осы тармақтардың кейбірін толығырақ қарастырайық.
Қолма-қол ақша
Декларацияда жалпы сомасы 10 000 АЕК-тен (2024 жылы 36 920 000 теңге) аспайтын қолма-қол ақша көрсетілуі тиіс. Осы мөлшерден асатын барлық қаражатты банк шоттарына салған жөн, бірақ ол міндетті шарт емес, жай ғана кеңес ретінде берілген ұсыныс.
Сонда декларацияланатын қолма-қол ақшаның ең төмен саны қандай деген сұрақ туындайды. Егер кәсіпкерде 100 мың теңге қолма-қол ақшасы болса, оны декларациялау керек пе? Заңда бұған қарасты ең төменгі шек белгіленбеген — ол кез келген сома, тіпті 5 мың теңге де болуы мүмкін. Ақшаны барлық валюталарда жаза беруге болады.
Бағалы қағаздар мен криптовалюта
Қазақстанда және шетелде тіркелген барлық бағалы қағаздарды декларациялау керек. Оларға акциялар, облигациялар, депозитарлық қолхаттар, пайлар және биржа ноталары жатады. Мұра ретінде алынған акциялар да көрсетілуі керек.
Цифрлы активтерді де декларациялау керек, оған 2023 жылғы 31 желтоқсандағы айырбас бағамы бойынша есептелетін криптовалюта кіреді. Цифрлы активтер — бұл криптовалюталар, токендер, активтерге берілген цифрлы құқықтар және басқа да цифрлы айырбас құралдары. Цифрлы активтер тауарлар мен қызметтерді төлеу үшін пайдаланбаса да, олар үшін салық төлеу керек. Ал PayPal сияқты сервистерде жатқан электронды ақша цифрлы активтерге жатпайды, яғни оларды көрсету қажет емес.
Зияткерлік меншік
Зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілерін де декларациялау керек. Бірақ ол үшін оларда меншік құқығын растайтын патент болуы керек. Егер мұндай құжат болмаса, онда оны жария етудің қажеті жоқ.
Мысалы, егер компанияның тауар белгісі кәсіпкер атына жеке тұлға ретінде тіркелген болса, онда оны декларацияда көрсету керек. Ал егер патент компания атына тіркелсе, онда оны көрсетпейсіз. Бұл кітап, ән, сурет, өнертабыс, мобильді қолданба және т.б. меншік құқықтарына да қатысты. Еске сала кетейік, кәсіпкерлер өздерінің жеке активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны заңды тұлға ретінде емес, жеке тұлға ретінде толтырады. Өйткені олар компания туралы мәліметтерді жыл сайын берілетін есептерде көрсетеді.
Басқа мүлікке жататын жайттар
Басқа мүлікке ел ішінде және шетелде орналасқан құны 1000 АЕК-тен (2024 жылы 3 692 000 теңге) жоғары кез келген мүлік жатады. Бұл антиквариат, картиналар, зергер бұйымдары, жануарлар және т.б. болуы мүмкін. Оны қалауыңыз бойынша тіркеуге болады, бірақ сарапшылар бәрін жариялағанды жөн көреді, әсіресе оларды жақын арада сататын болсаңыз, декларациялаған дұрыс. Мұндай мүлікті декларациялағанда 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша тәуелсіз сарапшы қорытындысын тіркеп жіберу қажет.
Мысалы, кәсіпкер әрқайсысының құны 1000 АЕК-тен асатын асыл тұқымды жылқы табынын ұстайды дейік. Оны жариялауға болады. Бірақ егер ол табын малдың әр түрінен құралып, әрқайсысының құны 1000 АЕК-тен төмен болса, онда табынның жалпы құны бұдан артық бағаланса да, оны жариялаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, сізде құны 4 миллион теңге тұратын диван немесе люстра болса да, оны бағалап, декларацияда көрсеткен дұрыс. Не үшін? Егер сіздің жылдық табысыңыз 6 миллион теңге болып тұрып, сіз 20 миллион теңгеге автокөлік сатып алсаңыз, кейін сол айырмашылықты салық органдарына түсіндіре алатын боласыз — себебі, мүмкін сіз алдында жариялап қойған басқа мүлкіңізді сатып жіберген боларсыз.
Атап өтейік, құны 1000 АЕК-тен асатын басқа мүлікті көрсету міндетті шарт емес, ол төлеушінің қалауы бойынша жарияланады, бірақ сарапшылар мұны көрсетуді дұрыс санайды.
Депозиттен түскен табыс
Депозит сыйақылар бойынша есеп берудің және оларды декларацияда көрсетудің қажеті жоқ, өйткені одан келген табысқа корпоративті табыс салығы салынады және банк оны өзі ұстайды. Бірақ егер депозит шетел банкі шотында орналасса, оны көрсету керек болады.
Декларация тапысаратын тараптар
2024 жылғы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсырады.
Қара тізімдегі ЖК
Қара тізім — бұл сенімсіз төлеушілер тізімі, оған 10 АЕК-тен (2024 жылда 36 920 теңге) астам салық берешегі бар төлеушілер, жалған немесе әрекетсіз деп танылған кәсіпорындар және тағы басқалар кіреді.
Жеке кәсіпкер қара тізімге ілікті деп елестетейік. Ол декларация тапсыруы керек па? Иә. Декларацияны барлық тіркелген жеке кәсіпкерлер тапсырады, оның ішіне жұмыс жасап жүрген, әрекет етпейтін әлде уақытша тоқтатылған жеке кәсіпкерлік кіреді. Егер жеке кәсіпкерлік тіркеліп тұрса және жабылмаған болса, ол 250 нысанды тапсыруы керек.
2024 жылы ашылған ЖК
Егер ЖК 2024 жылы ашылған болса, онда ол 250 нысан бойынша декларацияны 2024 жылы емес, 2025 жылы тапсырады.
ЖШС басшысы және құрылтайшысы
Егер сіз ЖШС құрылтайшысы емес, еңбек шарты негізінде жұмыс істейтін ЖШС басшысы болсаңыз да декларация тапсырасыз. Сіздің жұбайыңыз да тапсырады.
Шетел азаматы
Егер шетел азаматы өз компаниясының (ЖК және ЖШС) директоры және құрылтайшысы болса немесе еңбек шарты негізінде ЖШС басшысы, құрылтайшысы (қатысушысы) болып жұмыс істесе, Қазақстан аумағында уақытша тұруға рұқсаты және тұруға ықтиярхаты болса, онда ол елдің резиденті болып саналады да, 2023 және 2024 жылдардың 250 нысан декларацияны тапсыруға тиіс. Олардың Қазақстанда мүлдем болмаған немесе өткен жылы 183 күннен аз болған жұбайлары бейрезиденттер болып саналады және декларация тапсырудан босатылады.
Маңызды жайттар
- 250 нысанын түзетуге болады — оған үш жыл беріледі.
- Кіріс декларациясын тапсырғаннан кейін келесі жылдан бастап жыл сайын 270 нысандағы кіріс пен мүлік туралы декларацияны тапсырып отыру керек.
- Мобильді аударымдар тексерілетін болады — үш ай қатарынан әр түрлі жіберушілерден айына 100 және одан да көп аударым алған ЖК тексеруден өтеді. Сондықтан барлық төлемдерді заңды түрде — төлем карталары, QR арқылы, фискалды чек беру арқылы қолма-қол ақшамен жүргізген дұрыс.
Декларация тапсырмағандарға салынатын айыппұл
Декларацияны тапсырмағанда немесе мәліметтерді толық бермегенде кәсіпкерге алғашқы ретінде тек ескерту жіберіледі, ал жағдай қайталанатын болса, мынадай айыппұлдар салынады:
- 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге) — декларация тапсырмағаны үшін;
- 3 АЕК (2024 жылы 11 076 теңге) — мәліметтерді толық бермегені үшін;
- салық сомасының 200% мөлшерінде — объектілерді бірінші рет жасырғаны үшін, ал екінші ретінде – 300% мөлшерінде айыппұл салынады.
Кіріс декларацияда мүлкіңізді көрсетуден қорықпаңыз — тіпті ол шетелде болса да, мемлекет оның қайдан келгенін сұрамайды. Бірақ егер активтеріңіз кіріс декларацияны тапсырғаннан кейін пайда болса, онда сұрақтар туындауы мүмкін, және ақшаның сізде қайдан пайда болғанын түсіндіру немесе дәлелдеу қажет болады.
Әлі де сұрақтарыңыз бар ма? Оларды бізге телеграмда қоя аласыз.