Азық-түлік дүкенін ашу
Бизнесті жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған нұсқаулық

Мақаланың мазмұны
Азық-түлік дүкенін ашатын жоспарыңыз бар ма? Бастапқы идеядан дүкеннің ашылуына дейінгі барлық қадамдарды егжей–тегжейлі осы мақалада қарастырайық.
Нарықты зерттеп, дүкен түрін таңдау
Дүкенді ашпас бұрын сол аймақта тұрып жатқан халықтың қажеттілігін зерттеу маңызды, яғни қандай тауарлар сұранысқа ие, бәсекелестік деңгейі қандай — жақын жерде қанша азық-түлік дүкендері бар, олардың ассортименттері мен бағалары қандай, сондай-ақ, дүкеннің форматын анықтау керек — тек ең қажет тауарларды сататын шағын дүкен, минимаркет, супермаркет, экологиялық таза өнімдер ұсынатын мамандандырылған дүкен болуы да мүмкін. Тауаша таңдау туралы осы мақалада жаздық.
Алдымен бизнес-жоспар құрған дұрыс болар еді. Бұл жалдау ақысына, жөндеуге, жабдық пен тауарларды сатып алуға, жалақы, коммуналдық қызметтерге, салықтарға кететін шығындарды, сондай-ақ күтілетін пайданы да есептеуге көмектеседі. Бизнес-жоспар банктен несие алу немесе инвесторларды тарту үшін қажет. Біздің бизнес-жоспар құрастырушымызды пайдалануға болады.
Егер сізге бизнес-жоспар қажет болмаса, кем дегенде юнит-экономиканы есептеңіз немесе операциялық шығындар арқылы ықтимал тиімділікті бағалаңыз. Бұл ақшаңызды босқа жоғалтып алудан сақтайды.
Бизнесті тіркеу
Ең алғашқы қадам — бизнесті тіркеу және салық режимін таңдау. ЖК немесе ЖШС-ның арасында қайсысы тиімдірек екенін түсіну үшін біздің мақаламызды оқыңыз. ЖШС ашу барысы туралы осы сілтеме арқылы білуге болады, ал ЖК тіркеу және салық режимін таңдау үшін келесі сілтеме бойынша ұсынылатын мақалалар көмектеседі:
Бизнес ашпас бұрын дұрыс ЭҚЖЖ таңдау керек. Азық-түлік дүкенін ашатын болсаңыз, негізгі қызмет түрі ретінде келесі ЭҚЖЖ кодтары қолайлы:
- 47 11 — Мамандандырылмаған дүкендерде көбінесе тамақ өнімдерін, сусындар мен темекі өнімдерін бөлшек саудада сату
- 47 29 — Мамандырылған дүкендерде тамақ өнімдерін өзге бөлшек саудада сату
Кәсіпкерге таңдаған салық режиміне қарамастан, банкте есеп айырысу шотын ашу қажет болады.
Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Кеңтарлау ауылындағы дүкен
Бастапқы қаражат — 500 мың теңге, ай сайынғы шығындар — 1–3 млн теңгеге дейін
Кеңтарлау — бұл 300-ге жуық адам тұратын шағын ауыл. Біз ашылған кезде ауылымызда үш дүкен істеп тұратын, уақыт өте келе біреуі жабылды, екеуі қалды. Бәсекелестік жоғары емес, бірақ азық-түлік әрқашан сұранысқа ие болғандықтан, біз қолжетімді бағаға ең қажет деген өнімдерге назар аударуды шештік. 500 мың теңге несие алып, 2019 жылы дүкенімді аштым. Адам ағыны үлкен жерде меншігім болған, сол жерден дүкен аштым. Алған ақшаға екі тоңазытқыш пен сөрелер алдым, тауар сатып алдым. Басында ауылдың тұрғындарына керек заттарды сатып алып жүрдім, кейін ірі брендтердің жеткізушілері өздері маған шығып, тауарлары бар бес тоңазытқыш орнатуға ұсыныс жасады, олар әр апта сайын тауарларын әкеліп тұрады. Қалғанын мен айына бір рет Семейден газельмен әкеліп тұрамын. Ай сайынғы шығындар әртүрлі болады — 1 миллионнан 3 миллион теңгеге дейін шығады: олардың көбісі тауар сатып алуға кетеді, 50 мың теңге — коммуналдық қызметтерге жұмсалады. Мен дүкенде өзім жұмыс істеп тұрамын, сондықтан жұмысшылардың жалақысына қаражат кетпейді, былтыр сатушы жалдағанмын, оған ай сайын 250 мың теңге төлеп тұратынмын. Бухгалтерім бар, ол барлық салық есептерін тапсырып тұрады. Төлемді екі банктің POS-терминалдарымен және қолма-қол ақшамен қабылдаймын.
Орын тауып, жөндеу жұмыстарын жасау
Азық-түлік дүкеніне арналған орын тұрғын болмауы керек — бұл ақпарат құжаттарда көрсетіледі. Қазіргі заманғы тұрғын үй кешендерінде бірінші қабаттар коммерциялық үй-жайларға арнап салынады. Ескі үйлерде мұндай қарастырылмағандықтан, егер сіз бірінші қабаттағы пәтерді сатып алып, сол жерде азық-түлік дүкенін ашқыңыз келсе, алдымен көршілердің жазбаша келісімін алуыңыз керек, өйткені бұл өзгеріс басқа иелердің мүдделеріне әсер етеді. Егер сіз өз жеріңізде қосымша ғимарат салатын болсаңыз, онда алдымен оны құжаттар бойынша тұрғын емес қорға ауыстыру керек.
Дүкен ашылатын орында барлық коммуникациялар болуы керек — суық және ыстық су, кәріз жүйесі, электр қуаты, жылыту және желдету жүйелері. Азық-түлік дүкені үш аймаққа бөлінуі керек:
- Сауда өтетін жер — тауарлар мен касса жайғасқан сатып алушыларға арналған орын. Бұл жер таза, ашық және жарық болуы керек.
- Қойма — тауарларды қабылдайтын және сақтайтын, өнімдерді орайтын жер. Адамдар өтпейтін, жабық жер болуы тиіс.
- Тұрмыстық аймақ — шкаф пен тамақтану орны бар қызметкерлерге арналған бөлме.
50 шаршы метрге дейінгі дүкендерде қойма және тұрмыстық аймақтарды біріктіруге рұқсат етіледі.
Тұрмыстық химия сату үшін дүкенде бөлек бөлме болу керек. Егер бұл талапты орындау мүмкін болмаса, онда тауарларды бір-бірінен алыс жерде сақтау керек.
Жалдау келісімшартының ерекшеліктері жайлы осы мақалада жазған болатынбыз.
Түркістан облысы, Кентау қаласындағы Rahat дүкені
Бастапқы қаражат — 5 млн теңгеден артық, ай сайынғы шығындар — 2 млн теңгеден асады
Төрт жыл бұрын азық-түлік дүкенін ашуды шештім. Орын тауып, бірнеше ай бойы жөндеумен айналыстым, біртіндеп жабдыққа тапсырыс бердім — бастапқыда тек сөреге ғана ақшам жетті, кейін ақша пайда болып, қалғанын сатып алдым. Бір жарым айдан кейін 1,8 млн теңгеге алғашқы тауар сатып алдым. Кейін фирмалар өз тоңазытқыштарын әкеле бастады. Үш айдан кейін 1,1 млн теңге таза пайдаға шықтық. Бірінші жылы сауда айналымы шамамен 43 млн теңгені құрады.
Жаңа бастап жүрген кәсіпкерлерге айтарым — дүкен ашу — бұл оңай бизнес емес, зор еңбек талап етеді. Таза пайданы санау және оны шығару қиындыққа соғады, сондықтан мен әрқашан сауда айналымын санаймын, бірақ бизнестің пайдасы бар, оны табу үшін көп жұмыс істеу керек. Тапқан табысын дүкеннің орналасқан жеріне байланысты — адамдар жиі өтетін немесе көп қабатты үйлердің қасынан орын таңдаған жөн. 10 шаршы метрге 1 миллион теңгеге тауар сатып алу қажет деп есептесеңіз, 50 шаршы метрге шамамен 5 миллион теңге кетеді, бұл тек тауарға ғана кететін ақша. Салған қаражат 6-12 айда өтеледі, бұл бәсекелестік пен орынға байланысты.
Құжаттар мен лицензияларды жинау
Азық-түлік дүкенін ашу үшін қажет құжаттар тізімі:
- жалдау келісімшарты немесе орынға құқық белгілейтін құжаттар
- қоқысты шығару ұйымымен жасалған келісімшарт, егер жалға берушінің олармен келісімшарты болса, қайта жасаудың қажеті жоқ
- алкоголь сатуға лицензия — оны қалай алу керектігін осы мақалада жаздық
Азық-түлік дүкендері эпидемиялық мәні болмашы нысандарға жатады, сондықтан, оларға санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алудың қажеті жоқ, бірақ кәсіпкерлер СЭҚ органдарына өз жұмысының басталғаны туралы хабарлауға міндетті — мұны онлайн жасауға болады.
Азық-түлік дүкеніне арналған орын өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сай болуы керек. Бірақ бұл туралы қосымша қорытынды құжат алудың қажеті жоқ.
Twix супермаркеті, Тараз
Бастапқы қаражат — 30 млн теңге, ай сайынғы шығындар — 2 млн теңгеден басталады
Негізгі қажет құжаттар — бұл кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама және жалдау келісімшарты. Біз алкоголь мен темекі сатпағандықтан, бізге лицензия алудың қажеті болмады. Өзіміз «Халал» бағытын таңдадық, өйткені бұл санамызға жақын қағидалар. Кәсіпкердің көбісі алкоголь мен темекі сату кірістің негізгі бөлігі деп ойлайды, бірақ бұл олай емес. Біздің дүкеніміз — бұған дәлел.
Алдымен 500 шаршы метр үй-жайды тауып, жалға алдық. Дүкен тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл клиенттерге де ыңғайлы, өйткені түнде келіп, тауар сатып алатын адамдар бар, оған қоса жалдау ақысын өтеу керек. Қауіпсіздікді күшейту үшін дабыл жүйесін орнаттық.
Дүкен сөрелерін өзіміз орнаттық — тақталарды цехқа кесуге беріп, кейін өзіміз құрдық. Ақырындап жабдықтар — витриналар, тоңазытқыштар, мұздатқыштар, 1С кассасын, бейнекамералар, кондиционерлер сатып ала бастадық. Аз-аздап тауар әкеле бастадық, бірақ бірден барлық фирмаларға шығып, олармен келісім жасау қиын болды, сондықтан тауардың бір бөлігін көтерме сауда орталықтарында сатып алдық. Біз 2024 жылдың маусым айында ашылдық. 500 шаршы метрлік дүкенді ашу үшін 30 миллион теңге кетті. Бұл соманы 2-3 жыл ішінде өтеп шығамыз деп ойлаймын. Ай сайынғы шығындарға 2 млн теңге жұмсалады.
Жақында Таразда екінші дүкен ашуды жоспарлап отырмыз. Азық-түлік дүкенін ашуға ұзақ уақыт кетпейді, бірақ кез келген бизнесті бастау үшін батылдық керек.
Жабдықты сатып алу
Азық-түлік дүкеніне қажет жабдықтар:
- сауда жабдықтары — сөрелер, тоңазытқыштар мен мұздатқыш камералар, витриналар
- кассалық аппарат пен POS-терминал
- кассаға арналған код сканері
- тауарларды өлшеуге арналған таразылар
- қалауыңыз бойынша бейнекамералар, бақылау айналары, кондиционерлер, дабыл жүйесі сияқты қосымша жабдықтар орнатуға болады
Тауар ассортиментін құрып, жеткізушілерді табу
Кәсіпкер алдымен дүкеннің тауар матрицасын жасау керек — бұл сатайын деп отырған тауарлардың санаттары мен ішкі санаттарының тізімі, олардың әрқайсысында шамамен сатылатын тауарлардың түрлері жазылуы керек.
Бұны жасау үшін дүкен тұрған жердегі сатып алушылардың қажеттілігін зерттеу керек. Жақын маңдағы дүкендерге барып, оларда не өтіп жатқанын қарауға болады. Үй жанындағы шағын дүкендер әдетте оңай өткізілетін тауарларды сатады — нан, сүт өнімдері, жарма, қант, жұмыртқа, консервілер, сусындар, кондитерлік өнімдер. Әдетте, бұған 70–100 тауар түрлері кіреді. Тауар маусымдылығын да ескеру керек, мысалы, жазда салқындататын сусындар, балмұздақ жиі сатылып тұрады.
Эконом-сегментіндегі дүкендерге бағасы төмен тауарларды көбірек қосқан дұрыс. Премиум дүкендерге экологиялық өнімдер, жергілікті фермерлердің тауарлары, сирек импорттық позицияларды қосуға болады. Азық-түлік дүкеніне арналған ассортимент матрицасының үлгісін жүктеп алыңыз — бұл тек үлгі болғандықтан, мұнда шынайы жеткізушілердің атаулары мен бағалары жоқ.
Тауар матрицасын құрғаннан кейін жеткізушілерді іздеп бастауға болады. Тоқтаусыз жеткізуді қамтамасыз ете алатын және төлем мерзімдері ыңғайлы, сатып алу бонустары немесе маркетингтік қолдау сияқты тиімді жұмыс шарттарын ұсына алатын жеткізушілерді таңдаған жөн.
Жеткізушілер шағын, орта және үлкен болады. Кімнен сатып алу керектігі — дүкен түріне байланысты. Үйдің қасындағы дүкендер дистрибьюторларға, шағын жеткізушілерге тапсырыс береді, супермаркеттер — кең ассортименті бар жеткізушілерге, ал мамандандырылған дүкендер тікелей жергілікті фермерлерге немесе өз өнімдерін шығаратын зауыттарға тапсырыс береді.
Шұжық өнімдерінің дистрибьюторлық компаниясы және «Микоян» бөлшек сауда дүкені, Қостанай
Біз шұжық өнімдерін сататын мамандандырылған дистрибьюторлық компаниямыз. Біздің негізгі бизнесіміз — ресейлік өндірушілердің шұжық өнімдерін сату, оған қоса тура сол ассортиментті сататын жеке бөлшек сауда дүкеніміз бар. Бұл отбасымыздың бизнесі, ата-анам оны 2000-ші жылдарда бастаған. Соңғы 10 жылда біз қаланың барлық супермаркеттеріне өнім жеткізіп, дистрибуцияны белсенді түрде дамытып келеміз. Біз ҚҚС-пен жалпыға ортақ белгіленген салық режимінде жұмыс істейміз, өйткені импортпен айналысамыз.
Дүкеннің ауданы қоймамен бірге санағанда 120 шаршы метр алады: 60 метрі — сауда өтетін бөлме, 60 — шұжықтарды сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтары бар қойма. Ғимарат бастапқыда осы бизнеске қажет талаптарды ескере отырып жасалған. Қоймада кәсіби тоңазытқыш камералар, соның ішінде даладағы тұратын камера, саудаға арналған тоңазытқыш көрме-сөрелер орнатылған. Басында бұл үй-жайға санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды құжатын алдық, ал өнім сертификаттарын жеткізушілер өздері береді. Кеден Одағына қатысу арқасында әкелу және ресімдеу барысы жеңілдеді — Қазақстанда ресейлік сертификаттарды растаудың қажеті жоқ.
Біз тұрақты жеткізуді қамтамасыз ететін бес-алты ресейлік жеткізушілермен жұмыс жасаймыз. Жеткізушілерді таңдау кезінде өнімнің сапасын, сондай-ақ келісімшарттардың талаптарын қараймыз, әдетте бұған сату көлемі (маусымға байланысты айына шамамен 80–100 тонна), сату аумағын дамыту және тұрақты есеп беру сияқты талаптар кіреді. Қазақстандық жеткізушілермен жұмыс өрге баспады — олардың сауда өкілдері шарттарды бұзумен болды, сондықтан біз қарым-қатынасты сенімді ресейлік серіктестермен құруды қалаймыз.
Біз «Халал» өнімдерінің шағын ассортиментін ұсынамыз, бірақ бұл тауарларға Қостанай мен еліміздің солтүстік өңірлерінде сұраныс аз. Алайда, біз үшін өнімнің шын мәнінде «Халал» стандарттарына сай болуы маңызды — қазір бізде өндірісте шошқа етімен мүлдем жұмыс істемейтін және Ресейдің ғана емес, БАӘ-нің «Халал» сертификаттары бар өндірушімен келісімшарт жасалған.
Жұмысымыздың басты қиындығы — өнімнің тез бұзылып кетуі (жарамдылық мерзімі — 40–60 күн). Біз шығындарды азайту үшін өз дүкенімізде мерзімі бітіп баратын (бір аптадан аз) тауарларды өз бағасы бойынша сатамыз. Бұл тауарды бекер лақтырып, есептен шығаруды болдырмайды, бірақ егер жарамдылық мерзімі біткен болса, онда, әрине, өнім есептен шығарылады.
Негізгі шығындар тауарды сатып алуға кетеді. Сондай-ақ, шығындардың үлкен бөлігі логистикаға, салықтарға, жалақыға, коммуналдық қызметтерге кетеді. Мұндай бизнес ашу үшін кемінде 20 млн теңгедей бастапқы капиталын болу керек — тауар сатып алу, кем дегенде екі қызметкерді жұмысқа алу және жеткізу үшін көлікпен қамтамасыз ету. Біздің компанияда 90-ға жуық қызметкер бар, ай сайынғы жалақы қоры 30 млн теңгеден асады. Жалпы, бизнес тек қаражатты ғана емес, сонымен қатар жоспарлауды, жарамдылық мерзімін бақылауды және жеткізушілермен мұқият жұмыс істеуді талап етеді.
Қызметкерлерді жалдау
Жұмысшылардың саны дүкеннің көлеміне байланысты. Әдетте, дүкенге сатушы-кассирлер, әкімшілер, тазалаушы, тасымалдаушы керек. Есеп жүргізу үшін бухгалтер қажет болады, оған аутсорсты тартуға болады.
Қызметкерлер жұмысқа тұру алдында медициналық тексеруден өтіп, санитарлық кітаптарын дайындауы керек.
Twix супермаркеті, Тараз
Басында дүкенде отбасымыздың мүшелері өзіміз болып жұмыс істеп жүрдік. Дүкен тәулік бойы жұмыс істейтіндіктен, ұйықтамай ауысып тұратынбыз. Қазір 500 шаршы метрлік дүкенде сегіз қызметкеріміз бар — бір менеджер, екі әкімші, үш кассир, қалған қыздар залда көмектеседі. Әркімнің өз міндеттері бар. Біз жұмыс кестесін бір ай бұрын келісіп, жасаймыз. Сатып алушыларға қызмет көрсетуге дайын, мейірімді адамдарды табу маңызды.
Жарнаманы қосу
Клиенттерді тарту үшін әртүрлі жарнама әдістерін қолдануға болады:
- офлайн жарнама жасау — «Біз ашылдық» жазуын ілу, жақын жерде баннерлер орнату, дүкеннен алыс емес жерде жарнамалық үнпарақтар тарату
- әлеуметтік желілерде дүкеннің парақшасын ашу, сонда науқандар мен ассортимент бойынша жаңалықтарды жариялау
- компанияны 2ГИС, Google және Яндекс сияқты қала карталарына қосу
Қазақстанда «Жарнама туралы» заңның қалай жұмыс істейтіні туралы осы мақалада білуге болады, оған қоса ғимараттың қасбетіне маңдайшаны орналастырудың өз ережелері бар, ол туралы осында жаздық.
Азық-түлік дүкенін ашқанмен жұмыс аяқталмайды. Кейін, тауарлардың қайсысы тез сатылып кететіні не қалып қоятынын үнемі қадағалау керек, ассортиментті түзетіп, тапқан табысты талдап отыру керек — қандай тауарлар көбірек пайда әкеледі, қайсысы көбірек сатылып, халықтың сұранысына ие болды. Артық қалған немесе жетіспейтін тауарларды анықтау және шығынды есептеу үшін айына бір рет тауарларды түгендеу керек. Клиенттердің тауар ассортименті, сапасы, қызмет көрсету және сатушылардың жұмысы туралы пікірін біліп тұру маңызды. Тұрақты сатып алушылардың санына қараңыз — егер адамдар дүкенге қайтып оралса, онда бәрі дұрыс, ал қайтып келмесе, онда жұмыс барысын қайта қарастырған жөн. Ең бастысы — кіріс шығындарды қаншалықты өтейтінін тексеру. Егер кіріс азайып бара жатса, бұл ассортименттегі қателіктерге немесе жоғары бағаға байланысты болуы мүмкін, егер тауарлардың қалдықтары көбейіп жатса, онда жоспарлауды қайта қарастыру немесе оларды аз-аздап сатып алу қажет. Бұл нәрселерге ұдайы назар аудару мәселелерді уақтылы шешіп, дүкеннің саясатын мен даму бағытын түзетуге көмектеседі.